Қазақстандық «Көшпенділер рухы» жобасы екі халықаралық сыйлыққа ие болды

«Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» қазақстандық мәдени жобасы оқиғалар маркетингі саласындағы үздік әлемдік жобалардың қатарына енді және бірден екі беделді BEMA марапатына ие болды. Kazakh Tourism қолдауымен Creative Innovation Institute ұйымдастырған көрме байқаудың халықаралық бағыты бойынша «Үздік ЭКСПО-оқиға» санатында 2 орынға және «Үздік фестиваль» санатында 3 орынға ие болды.
Биылғы жылы Best Experience Marketing Awards халықаралық байқауында 586 жоба ұсынылды. Оның 321 қысқа тізімге еніп, нәтижесінде 58 санат бойынша 200 жоба үздік танылды. Ақтық сайыста үміткерлер өз жұмыстарын сарапшылар алдында қорғады. Халықаралық бағыт бойынша Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Грузия, Түркия және Қытай елдерінің өкілдері өзара бақ сынады.
«Бүгінде номадтар мәдениетіне туристердің үлкен қызығушылығы бар және бұл жаһандық туристік аренада трендке айналуда. Қазақстан өзінің бай мәдениетін сақтап қана қоймай, оны заманауи контексте ұсынады. Бұл ретте халықаралық аудиторияның назары орнықты туризм мен табиғатпен үйлесімділік құндылықтарына аударылады», — деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.
«Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» көрмесі Қазақстанның мәдениетін заманауи креативті индустриялардың призмасы арқылы паш етті. Экспозицияда инновациялық эко-жобалар таныстырылды. Оның ішінде SHIMAI және QAZAQ UY брендтерінің коллаборацияcs, қазақтың киіз үйінің қайта ойластырылған тұжырымдамасы, киіз бен жүннен жасалған бірегей бұйымдар ұсынылды. Көрменің негізгі мотиві — тұрақты даму мен табиғатпен үйлесімділік идеяларын көрсететін және мәңгілік қозғалыс пен эволюцияны бейнелейтін «Шимай» спиралі. Көшпенділердің атмосферасын Анзор Гасаев, Коннор Макнейл, Александр Кузнецов және Karácsony Sándor іспетті қазақстандық және шетелдік фотографтар өз туындылары арқылы көпшілікке жеткізді.
Қазақстандық жоба халықаралық сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасын иеленді. Бұл оған оқиғалар маркетингі саласындағы үздік әлемдік жобалар арасында үздік танылуына жол ашты.
«Көшпенділер рухы» көрмесі тек экспозиция ғана емес. Бұл — өткен мен болашақ, мәдениет пен технология арасындағы диалогқа арналған алаң. «Көшпенділер рухының» жетістігі қазақстандық жобалар үшін халықаралық аренада жаңа көкжиектер ашады және креативті индустриялар мәдениет пен инновациялар туралы жаһандық диалогтың маңызды элементіне айналып жатқанын көрсетеді», — деп шығармашылық индустрияларды ұлттық бірегейлікті дамытуға интеграциялаудың маңыздылығына Creative Innovation Institute директоры Ирина Харитонова тоқталды.
Атап өткен жөн, BEMA сыйлығы — іс-шаралар маркетингі мен интеграцияланған коммуникациялар саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Оған негізгі бағыттар бойынша 58 аталым кіреді: B2C (брендтік коммуникация), B2B (іскерлік коммуникация), B2I (корпоративтік коммуникация), әлеуметтік жауапкершілік, оқиғалар маркетингі, MICE, EXPO және арнайы санаттар арқылы ішкі туризмді дамыту.