Заң факультетіне 70 жыл!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті 70 жылдық белесті бағындырып, отандық құқықтану ғылымы мен заңгерлік білім берудің көшбасшысы ретінде өз тарихын жалғастыруда. Осы жылдар ішінде факультет Қазақстанның құқықтық жүйесіне мыңдаған білікті заңгер мамандарды даярлап, заң ғылымының дамуына зор үлес қосты.
Алғашқы жылдары факультет болашағы зор, ел мүддесіне қызмет ететін мамандарды дайындауға ұмтылды. Бүгінгі күнге дейін оның түлектері сот жүйесі, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік басқарудың түрлі салаларында өздерінің кәсіби шеберлігі мен әділдікке деген ұмтылысымен ерекшеленеді. Осы жетістіктердің қатарында мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының орны ерекше. Кафедра еліміздің құқық қорғау органдары, сот жүйесі мен ғылыми орта үшін кәсіби мамандар дайындап қана қоймай, мемлекеттік құқық саласындағы ғылыми зерттеулердің орталығына айналды. Заң факультетінің 70 жыл бойы үздіксіз дамып келеді. Оқытушылар құрамы еліміздің заң ғылымының дамуына зор үлес қосқан профессорлар, академиктер мен практик-мамандардан құралған. Олардың еңбектері Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын жетілдіруге, қылмыстық процестің тиімділігін арттыруға бағытталған. Студенттер мен магистранттар сот сараптамасы, тергеу тактикасы, дәлелдемелерді зерттеу әдістерін меңгеріп, құқық қорғау органдарында тәжірибеден өтеді.
Кафедра ғалымдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Қылмыстық іс жүргізу кодексі және өзге де нормативтік актілерін әзірлеуге белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар, кафедра қылмыстық құқық пен процесс саласында өзекті мәселелерді зерттеп, ғылыми еңбектер, оқулықтар мен әдістемелік құралдар дайындап шығаруда.Кафедра түлектері бүгінгі таңда еліміздің Бас прокуратурасында, Жоғарғы сотта, Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, құқық қорғау органдарында жоғары лауазымдарда қызмет етіп, Қазақстанның құқықтық жүйесінің дамуына өз үлесін қосуда.
Заң саласының үздіктерін даярлау мақсатында факультетіміз халықаралық серіктестікті дамытуда. Әртүрлі шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық арқылы студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламалары жүзеге асырылып, заманауи құқықтық тәжірибемен және инновациямен танысу мүмкіндігі бар. Бұл халықаралық байланыстар факультеттің беделін арттырып, әлемдік құқықтық білім беру үрдістерін еліне енгізуге жағдай жасайды. Факультет болашақ заңгерлерді тәрбиелеудегі басты міндетін – әділдік, заңдылық пен азаматтық сана негізінде жоғары кәсіби мамандарды даярлауды жалғастырады. Жаңашылдыққа ұмтылу мен тұрақты даму бағыты еліміздің құқықтық жүйесін жаңа белестерге көтеруге септігін тигізеді. Заң факультетінің 70 жылдық мерейтойы – бұл тарихи кезең ғана емес, сонымен қатар болашаққа жаңа қадам.
Д.М. БАЙМАХАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультеті мемлекет және
құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік
құқық кафедрасының доценті, з.ғ.д.