Абай облысының оқушысы халықаралық ғарыш байқауында жеңімпаз атанды

Алматыда өткен «Kazakhstan Smart Space–2025» халықаралық байқауында Абай облысы, Бородулиха ауданы, Жезкент кентіндегі мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Нурали Амангельдыев бірінші орынды иеленді. Ол ғарыштағы нысандарды анықтап, олардың қозғалысын бақылап, лазер сәулесін дәл бағыттай алатын трекинг-камера ойлап тапқан.

Нуралидің айтуынша, бұл технология болашақта спутниктерді сымсыз қуаттандыруға немесе алыс ғарыштағы кемелер арасында энергия жіберуге көмектесуі мүмкін. Құрылғы IMU-датчиктері (гироскоп пен акселерометр) мен автофокус жүйесі арқылы дәл бағытты ұстап тұрады.

Оқушы өз жұмысын қағаз жүзінде емес, VR-таныстырылым түрінде ұсынған. Көрсетілімде лазер сәулесінің қозғалыстағы нысанға бағытталуы, фокустың өзгеруі және екі ғарыш аппаратының әрекеттесуі көрсетілді. Виртуалды модельді жасау үшін Python мен Unity бағдарламаларын қолданған.

«Көрермендер жобамды оқып қана қоймай, өздерін ғарышта жүргендей сезінсе деймін», — дейді жас өнертапқыш.

Нуралидің жобасы бірнеше елден келген қатысушылардың жұмыстарынан озып шығып, болашағы зор жоба ретінде танылды. Байқауға Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа да елдердің өкілдері қатысқан.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Telegram-канал: Абай облысының оқушысы халықаралық ғарыш байқауында жеңімпаз атанды