KT&G компаниясының Алматы облысындағы жаңа зауыты: 70 млрд теңге инвестиция және жылына 25 млрд теңге салық

Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылында «KT&G Kazakhstan» ЖШС зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл — Оңтүстік Кореяның KT&G корпорациясының Қазақстандағы алғашқы жобасы және ол толығымен жеке инвестициялар арқылы жүзеге асырылды.
Жаңа кәсіпорын өңірдегі ең ірі өндірістік нысандардың бірі болмақ. Жалпы инвестиция көлемі — 70 миллиард теңге, бұл қаржының барлығы компанияның жеке капиталы есебінен құйылған. Зауыт жобалық қуатына шыққан соң Еуразия мен ТМД нарығына сапалы өнім жеткізуді қолға алады. Зауыт арқылы Қазақстан бюджетіне жыл сайын шамамен 25 миллиард теңге салық түседі деп күтілуде.
Қазіргі таңда зауытта 130 қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпорын кеңейген сайын жұмыс орындарының саны артады.
«Бұл зауыт — біз үшін маңызды қадам. Қазақстан — зор әлеуетке ие болашағы бар нарық. Біз бұл серіктестіктің табысты болатынына сенімдіміз», — деді «KT&G Kazakhstan» ЖШС бас директоры Пак Хён Ук.
Зауыттағы өндіріс процесі толықтай автоматтандырылған және халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді. Шикізатты сатып алудан бастап, дайын өнімді орауға дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылау жүйесі жұмыс істейді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын ерекше атап өтті:
«KT&G зауытының ашылуы — бұл тек жаңа өндірісті іске қосу емес. Бұл — Қазақстан мен Корея арасындағы 33 жылдық серіктестіктің нәтижесі және Алматы облысының инвестициялық тартымдылығының жарқын дәлелі. Біз халықаралық серіктестік үшін барлық жағдайды жасап, біздің өңірді таңдайтын компанияларды әрдайым қолдаймыз», — деді әкім.
Ашылу рәсіміне 100-ден астам құрметті қонақ қатысты. Олардың арасында Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик пен KT&G корпорациясының бас директоры Банг Кёнг Ман болды. Қонақтар үшін қазақ-корей мәдени бағдарламасы ұйымдастырылып, өндіріс цехтарына экскурсия өткізілді.
Жаңа зауыттың іске қосылуымен KT&G Еуразия нарығындағы өз позициясын күшейтіп, Қазақстан экономикасына қомақты үлес қосуда — жұмыс орындарын ашып, экспортты қолдап, жергілікті өндірісті дамытуға атсалысуда.
Алматы облысының әкімдігі