Қонаевта жаңғыртылған қалалық кітапхана ашылды

Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласында жаңғыртудан өткен қалалық кітапхана пайдалануға берілді. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты.
Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдықталып, бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда жоғары жылдамдықты интернет, коворкинг аймақтар, шығармашылық кеңістіктер мен заманауи әдебиеттер қоры қарастырылған.
Ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбеков бұл жобаның өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызына тоқталды:
– Бұл жай ғана жаңартылған ғимарат емес, білімге, оқуға және дамуға жетелейтін заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың бір қадамы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана ісінің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз, – деді ол.
Айта кетейік, Үкімет қаулысымен Қазақстанда “23 сәуір – Ұлттық кітап күні” ретінде бекітілген. Бұл – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Болат Күренбековтің айтуынша, биыл жаңғырту жұмыстары Ұйғыр ауданындағы, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылындағы және Қарасай ауданының Жандосов ауылындағы кітапханаларда да жүргізіледі.
Салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Кұлкенов, жазушы Сауле Досжан, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Рәсімнен кейін қонақтар жаңартылған кітапхананың жұмысымен танысты. Мамандардың айтуынша, бұл мекеме енді тек оқу орны ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас, даму мен жаңа идеялардың орталығына айналып отыр.
Алматы облысының әкімдігі