2,5%-бен 5 мың микрокредит: 2025 жылғы “Ауыл аманаты” бағдарламасындағы өзгеріс

ҚР Ұлттық экономика министрлігі “Ауыл аманаты” бағдарламасын іске асырудың жаңа моделін әзірлеп жатыр. Ол ауылды дамытуда мемлекеттің негізгі қолдау құралы болмақ.Тұжырымдама шеңберінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамыта отырып, келешегі зор ауылдардағы жобаларды іске асыруға баса назар аударылады.

Даму әлеуеті жоғары елді мекендердің тізбесі 2019 жылы анықталып, әкімдіктердің ұсынысымен 2023 жылы өзектендірілді.

Жобаларды орындау кезінде су, жылу, газ, электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып, қолайлы әлеуметтік жағдай жасалады.

Бағдарлама ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Қолдау тетігінің ішінде 2,5%-бен шағын несие мен лизинг бар. Қазір министрлік скрининг арқылы елді мекендердің мамандануын анықтау тәсілін, ережелерді жаңартуда.Сонымен қатар, өңірлік ерекшелікті ескере отырып, микронесие беру тізбесі кеңейтілуде. Аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты жаңа қызмет түрлері танылды. Мәселен, Абай мен ШҚО әкімдігінің ұсынысы бойынша тізімге шағын бизнестің перспективалық саласы ретінде туризм енгізілді.

Сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шығындарды қысқарту мен логистиканы дамыту үшін шағын индустриялық аймақтар құру көзделген. Олар өнімді сақтау, өңдеу мен сату алаңына айналып, жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орнын ашады.