Қазақстан мен Еуропалық комиссия маңызды шикізат пен орнықты даму жобаларын жүзеге асыруды талқылады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Еуропалық комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын және орта бизнес жөніндегі бас директоратындағы (DG GROW) Мобильділік және энергияны көп қажет ететін салалар жөніндегі директоры Жоаким Нунес де Алмейдамен кездесу өткізді.
Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық минералдар, орнықты жеткізу тізбектері және технологиялық ынтымақтастық салаларындағы серіктестікті тереңдету перспективалары талқыланды. Қазақстан ЕО үшін басым болып танылған стратегиялық минералдық ресурстарды бірлесіп барлау және өңдеу, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар өнімді экспорттау бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін растады.
Инвестицияларды геологиялық барлауға тарту тетіктеріне ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде салықтық және кедендік жеңілдіктер, инвестицияларды қорғау кепілдіктері және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Ә.Қуантыров Еуроодақпен стратегиялық шикізат саласындағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы экономикалық күн тәртібінің маңызды элементі екенін атап өтті: «Қазақстан өзін еуропалық өндірістер үшін сенімді серіктес ретінде таныта білді. Біз инвесторлар үшін барынша ашық әрі болжамды жағдай ұсынамыз, оған заңнамалық тұрақтылық, салық жеңілдіктері және рәсімдердің жеңілдетілуі кіреді. Бүгінгі диалог Еуропалық комиссия өкілдерімен геологиялық барлаудан бастап орнықты жеткізу тізбектері мен ғылыми алмасуға дейінгі бағыттар бойынша ұзақ мерзімді және прагматикалық ынтымақтастыққа екі тараптың да мүдделі екенін тағы бір мәрте көрсетті»
Қазақстанмен серіктестіктің маңыздылығын атап өткен Жоаким Нунес де Алмейда екіжақты өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатына тоқталды: «Біз Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және оны Еуропалық одақ үшін жеткізу тізбектерінің орнықтылығын қамтамасыз етудегі негізгі серіктес ретінде қарастырамыз. Өңіріңіз осы ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиямызда маңызды рөл атқарады. Ортақ күш-жігеріміз тұрақты, өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастық алаңын құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін».
Сұхбаттастар сондай-ақ «Global Gateway» бастамасы аясындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін және Қазақстанның орнықты даму жобаларына, соның ішінде Еуропаның «жасыл өтпелі кезеңі» аясындағы жобаларға қатысуын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды қолдау, технологиялар алмасу және академиялық әріптестік бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі