Пәкістанның экс-президенті Первез Мушарраф Дубайда қайтыс болды
Пәкістанның экс-президенті Первез Мушарраф Дубайдағы ауруханада ұзаққа созылған ауруынан қайтыс болды, — деп хабарлайды Reuters.
Пәкістан әскери күштері 2008 жылы биліктен шеттетілген 79 жастағы Мушарраф қайтыс болғанын растаған.
Ол 2013 жылы мемлекетке опасыздық жасағаны үшін өлім жазасына кесілген болатын. Алайда экс-президент Дубайға қашып үлгерді, онда ол ұзақ уақыт эмиграцияда өмір сүрді.
Первез Мушарраф 2003-2005 жылдар аралығында үш қастандық әрекетінен аман қалған. Пәкістан әскерінің, флотының және әуе күштерінің бас қолбасшылары оның қазасына көңіл айтты.