Bösendorfer Қазақстанда алғаш рет таныстырылды

Қазақстанда алғаш рет әлемдегі ең көне, әрі ең атақты концерттік рояль өндірушілерінің бірі — Bösendorfer роялінің презентациясы өтті. Компанияның тарихы екі ғасырға жуық уақытты қамтиды.
Мәдени шара Астана және Алматы қалаларында өтті. Іс-шараның ресми серіктесі — Қазақстандағы Bösendorfer брендінің өкілі «Райно» ЖШС, директорлары Ержан Құшанов пен Рахим Тоқсанбаев.
Таныстырылым аясында брендтің флагмандық өнімі — Bösendorfer 280 Vienna Concert концерттік роялі көрсетілді. Бұл аспап күшейтілген резонанстық декасымен жабдықталған және веналық дәстүр мен заманауи технологиялардың мінсіз үйлесімін бейнелейді. Бұған дейін аталмыш бренд Қазақстан нарығында бұрын-сонды ұсынылмаған еді.
Рояльдердің алғашқы үлгілерінің бірі Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебіне орнатылды. Бұл — 2025 жылғы жаңа модель, ұзындығы 2,8 метр және қазіргі уақытта Қазақстандағы ең ұзын концерттік рояль болып табылады.
«Бұл — біздің австриялық әріптестерімізбен өткізген алғашқы жобамыз. Биылғы жылы біз бұл аспаптарды оқу орындарына, концерттік ұйымдарға және музыкалық мектептерге кеңінен жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті компания өкілі Рахим Тоқсанбаев.
Аталған таныстырылым Қазақстандағы музыкалық мәдениет пен кәсіби білім берудің дамуына маңызды үлес қосты. Bösendorfer брендінің келуі ұстаздар, студенттер және концерттік орындаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
Іс-шара жабық форматта, арнайы шақырылған қонақтардың қатысуымен, камералық атмосферада өтті. Олардың қатарында Bösendorfer компаниясының бас директоры С. Грюбмюллер ханым және брендтің топ-менеджмент өкілдері болды. Бұл кездесу халықаралық бренд пен еліміздің мәдени инфрақұрылымы арасындағы кәсіби диалогты нығайту тұрғысынан аса маңызды оқиғаға айналды.