Кек пен құрметтің символы

Қаламгер Сәбит Мұқановтың музейіндегі төрде жатқан аюдың терісіне алпыс жылдан астам уақыт өтседе аңыз боп қала береді. Бұл аюдың терісін жазушыға 1965 жылы, Тарбағатай өңіріне барғанда, Үшқұдық елді мекенінің Дөненбай есімді шопан жігіті сыйға тартқан. Шопан жігіт газеттен сүйікті жазушысы Шығыс Қазақстанға келетінін оқып, осы мүмкіндікті пайдаланып құрмет көрсетуге бел буады. Аудан басшыларының ортасында тұрған қаламгерді бірден таныған жігіт, жиналыс бітіп, жұрт тарап жатқанда, жазушыға амандасып, қолындағы қапқа салынған аюдың терісін сыйлапты. Жазушы бір сырдың барын сезіп, шопаннан мән-жайын сұрайды.

Дөненбай айы-күні жеткен әйелін аудан орталығына апару үшін кешкі салқынмен жолға шығып, екеуі де шөлдеген соң әйелін қалдырып, өзі сол маңдағы жақын ауылға су алып келуге кетеді. Ауылға жеткенде ауыл адамдары қазір ғана қойларына аю шабулдағанын айтып дүрлігіп шуылдасып жатады. Мұны естіген шопан жігіт әйелін қалдырып кеткен жыңғылға жүгіріп келсе, қызыл қанға боялып, ауыр жарақаттан көз жұмған Қарлығашты көреді. Жігіт аңдып жүріп аюды өзі атып алады. «Сізге тартуға алып келгенім – менің Қарлығашымның кегі кеткен аюдың терісі. Осы Бөстектің үстіне үйіңізге келген әрбір қонақтың аяғы тисе екен. Қанша адам басса – соншалықты кегімнің қайтқаны деп білемін» деп берген. Кейін Сәбеңнің ықпалымен Дөненбай Алматыға келіп, институт бітіріп, совхозда мал дәрігері болып жұмыс істейді. Бірде Сәбеңнің үйіне қонаққа келген өзбек жазушысы Насыр Фазылов төрге шыға бере көзі аюдың терісіне түсіп, мән-жайын сұрап білген екен. Осы бір аяулы келіншектің түбіне жеткен, оның болашақ перзентінің өмірін қиған, ал шопан жігіт Дөненбайдың арманын өшірген осы аю жайлы «Бөстек» әңгімесін жазған екен.

Осы оқиға – бір ғана шопанның өмір жолын емес, кеңестік кезеңдегі қарапайым халықтың С.Мұқанов сынды қаламгерге деген ерекше ықыласын, адалдығын, шынайы құрметін көрсететін тағылымды тарихи эпизод. Бұл халқының рухани көсеміндей көрген жазушыны тек шығармалары арқылы ғана емес, өмірінің әр сәтінде қадір тұтқан елдің шынайы сүйіспеншілігінің бір көрінісі. Дөненбайдың жүрегінде жатқан ауыр қайғыны осындай мағыналы сыйлық арқылы жеткізу – дала халқының терең ойлы, символдық танымға бай екенінің дәлелі. Ол үшін Сәбең тек атақты қаламгер ғана емес, өз тағдырын, қайғысын, тіпті кек алуды сеніп тапсыра алатын тұлға еді. Мұндай оқиғалардан халық пен қаламгер арасындағы рухани байланысты, сенім мен сыйластықтың биік деңгейін аңғаруға болады. Бұл – сол кезеңдегі ұлттың жазушыға артқан үміті мен құрметінің, рухани жанашырлықтың, адамдық адалдықтың көркем нышаны. Ел ішіндегі бір ғана оқиға – тұтас бір дәуірдің мәдени, моральдық болмысын бейнелейді. Осы оқиға арқылы біз халықтың ішкі жан дүниесін, қаламгерге деген сүйіспеншілікпен қатар, ұлттық дүниетанымдағы ырым-сенімдер мен салт-дәстүрлердің қалай өрілгенін де көреміз.

Қазіргі таңда бұл аю терісі – музейдің құнды жәдігерлерінің бірі. Оған қарап өткеннің өшпес ізі мен ел есінде қалған естеліктердің куәсіндей сезінесің.

 Еламан АБДУЛЛА,

«Алматы қаласының музейлер бірлестігіне» қарасты

С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық

музей кешенінің экскурссия жетекшісі