Жетісуда балық аулауға тыйым салынды: заң бұзушыларды ірі көлемде айыппұл мен түрме жазасы күтіп тұр

Жетісу облысында уылдырық шашу кезеңіне байланысты 2026 жылғы балық аулау маусымына ресми түрде шектеулер енгізілді. Инспекция мамандары заңсыз аулау фактілері үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін жаза қолданылатынын ескертеді.
Негізгі тыйым салу мерзімдері:
Балқаш көлі, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендері: 15 сәуір мен 1 маусым аралығында.
Балқаш көлінің шығыс бөлігі: 25 сәуір мен 10 маусым аралығында.
Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл және оған құятын өзендер: 25 сәуір мен 16 маусым аралығында (ғылыми орталықтың ұсынысымен мерзім ұзартылды).
Қазіргі уақытта Жетісу облысында «Уылдырық шашу» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Тәртіп сақшылары мен инспекторлар су айдындарында ғана емес, автожолдарда да арнайы бекеттер орнатып, патрульдеуді күшейтті. Тыйым салынған кезеңде моторлы қайықтардың қозғалысына да шектеу қойылған.
Заң бұзушыларды не күтеді? Биыл браконьерлікпен айналысқандар үшін жаза жеңіл болмайды. Жеке тұлғаларға 10-нан 20 АЕК-ке дейін, ал ірі кәсіпкерлерге 250 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Өрескел заң бұзушылық анықталса, 6000 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге немесе 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуға тура келеді.
Өткен жылы дәл осындай акция барысында 94 заң бұзушылық анықталып, мемлекет пайдасына 4 су көлігі мен тоннаға жуық балық тәркіленген болатын.
Жетісу облыстық балық шаруашылығы инспекциясы азаматтарды табиғат заңын сақтауға және балық қорын қорғауға шақырады.



