Қосылған құн салығы кімдер үшін 16%-ға дейін өседі, ал кімдерге жеңілдетілген мөлшерлемелер енгізіледі?

Жыл басында Қазақстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) әкімшілендіру жүйесінде елеулі өзгерістер күшіне енді. Негізгі жаңалықтардың бірі ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегінің екі есе төмендеуі: енді ол бұрынғы 20 мыңның орнына 10 мың АЕК-ті құрайды. Ағымдағы жылға белгіленген 4 325 теңге мөлшеріндегі есептік көрсеткіш бойынша бизнес үшін шекті айналым 43,25 млн теңгемен шектеледі. Салық төлеушілер осы лимиттен асқаннан кейін бес жұмыс күні ішінде есепке тұру туралы өтініш беруге міндетті, әйтпесе оларға айтарлықтай санкциялар, соның ішінде уақтылы тіркелмегені үшін айыппұл және есепке тұрмай жұмыс істеген бүкіл кезеңдегі айналым сомасының 15%-ын өндіріп алу қаупі төнеді.
«Реформа сонымен қатар мөлшерлемелердің сараланған жүйесін енгізеді, онда ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16%-ға дейін артады. Бұл ретте мемлекет әлеуметтік маңызы бар салалар үшін қолдау шараларын сақтап қалады: мәселен, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізу үшін осы жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% мөлшерінде төмендетілген мөлшерлеме қарастырылған. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі шеңберіндегі препараттар мен қызметтер салықтан толық босатылады. Сонымен қатар, 10% мөлшерлемесі отандық мерзімді басылымдарға қолданылады, ал ауыл шаруашылығы өндірушілері ҚҚС сомасының қосымша 80%-ын есепке жатқызуға мүмкіндік беретін жеңілдікті пайдалануды жалғастырады», – деп атап өтті Жетісу облысы бойынша МКД Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Жарымбетов.
Бұған қоса, бизнес үшін жеңілдіктер де қарастырылған. ҚҚС бойынша артық төлемді қайтару мерзімі 55 жұмыс күніне дейін қысқарады. Бұл тәртіп экспорттаушыларға, жер қойнауын пайдаланушыларға және жаңа өндірістік нысандардың құрылысына инвестиция салатын компанияларға қатысты болады.



