Чемпиондық рух: Алматы облысында зауыт жұмысшылары танымал спортшылармен бірге жаттығу жасады

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында Алматы облысында еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті. Іле ауданындағы «БЕНТ» ЖШС өндіріс алаңында «AMANAT» партиясыс Алматы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Чемпиондық рух» жобасы аясында таңғы жаттығу өткізілді.

Іс-шараға джиу-джитсу және грэпплинг спорт шебері, Алматы облыстық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров, қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы Сара Рахманова, грэпплингтен әлем чемпионы Әйгерім Әбілқадырова, джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы Сейлхан Болатбек, UFC Gym KZ жаттықтырушысы және OCTAGON лигасының матчмейкері Думан Рахым, сондай-ақ халықаралық BJJ және ADCC турнирлерінің жүлдегерлері Данте Леон, Габриэль Соуза және Джанкарло Бодони қатысты. Сонымен қатар, жаттығуға «БЕНТ» ЖШС зауытының директоры Дінмұхамед Кузиев пен зауыт ұжымы, «Жастар рухы» Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов және жастар ұйымының белсенділері де атсалысты.

Жобаның ресми амбассадоры, Алматы облыстық мәслихат депутаты, грэпплинг және джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров «Чемпиондық рух» жобасы арқылы қоғамда еңбек адамына деген көзқарасты өзгертуге болатынын айтты. Оның пікірінше, спорт пен өндірістің ұштасуы – жастарға нақты үлгі.

«Бүгінгі шара – спорт пен еңбек адамын тоғыстырған, рух пен ынтымақтың көрінісі. Чемпион болу – тек медаль алу емес, елге үлгі болу. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – сол үлгіні бірге көрсету. Біз жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы рөлін ерекше бағалаймыз. Еңбектің қадірін білу – нағыз патриотизмнің белгісі. Осындай өнегелі шаралар жастарға мотивация, ал еңбек адамдарына құрмет сыйлайды», – деді ол.

Зауыт ұжымы үшін бұл іс-шараның мәні ерекше болғанын кәсіпорын басшысы Дінмұхамед Кузиев те растады. Ол өндірістегі тәжірибесін бөлісе отырып, мұндай жобалардың жұмыс атмосферасына оң әсер беретінін айтты.

«Мен еңбек жолымды дәл осы зауыттан бастап, бүгінге дейін еліміздің өндірістік дамуына үлес қосып келемін. Бұл – мен үшін тек жұмыс орны емес, өмір мектебі. Уақыт қанша өтсе де, еңбектің қадірі мен жұмысшының орны ешқашан өзгермейді. Бүгінгідей рухты, шабытты күндер – барша еңбек адамы үшін үлкен мәртебе. Осындай маңызды бастамалардың көп болуына тілектеспін», – деді ол.

Шараға арнайы келген америкалық джиу-джитсу чемпионы Данте Леон да зауыттағы жаттығу атмосферасынан ерекше әсер алғанын жеткізді. Ол бұл сапарды өзінің жеке өмір жолымен байланыстырды.

«Бұл – менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Бүгінгі шараға қатысушы жұмысшылар мен олардың отбасыларын көріп қатты таңғалдым. Менің де отбасым – қарапайым еңбек адамдары. Әкем 1980–90 жылдардан бастап көлік шығару саласында жұмыс істеп келеді. Сондықтан дәл осындай ортада өзімді туған үйімде жүргендей сезінемін. Мұндай рухты әрі мағыналы іс-шараны ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысым шексіз», – деді Данте Леон.

Айта кету керек, «Чемпиондық рух» жобасы жыл соңына дейін өңірде әртүрлі форматта жалғасады. Алдағы уақытта бірқатар елді мекендер мен әлеуметтік нысандарда ашық жаттығулар, мотивациялық кездесулер мен спорттық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Алматы облысының әкімдігі