Өнер шеберлеріне тағзым

«Астана Операның» Күләш Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында Қазақстанның бес ұлы композиторы – Евгений Брусиловский, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев пен Сыдық Мұхамеджановтың мерейтойлық жылдарына арналған «Өнер тарландары» жарқын концерті өтеді. Жоба 8 шілдеде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Опералия-2025» халықаралық музыкалық фестивалі аясында ұсынылады.

Бұл қатардағы әрбір есім тұтас дәуірмен тең. Мәселен, Е.Брусиловский қазақ фольклорын академиялық музыкада жүзеге асырған алғаш композитор болды, оның жазған опералары ұлттық өнердің алтын қорына енді. Ал С.Мұхамеджанов пен Ә.Еспаев – лирик сазгерлер, олардың туындыларында махаббат, нәзіктік пен таңғаларлық музыкалық тереңдік бар. Ш.Қалдаяқов – шығармалары бірден халық әндеріне айналған композитор, оның әндері адамның қолымен жазылмағандай, құдды бір дарқан далада дүниеге келгендей әсер қалдырады. Сондай-ақ Н.Тілендиевтің қарапайым да әсерлі әуен арқылы мәңгілік жайлы баяндай алатын данышпандық қабілеті бар.

Бұл кеште театр әртістері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Әлихан Зейнолла, Артур Ғабдиев, Татьяна Вицинская, Әсем Сембина, Мәдина Исламова және «Астана Опера» оркестрінің музыканттары, скрипкашы Айя Ғаббасова туған жер мен сүйікті жандар туралы әндерді, опералардан романстар мен арияларды орындайды. Осылайша, бұл нағыз уақыт диалогы болмақ. ХХ ғасырдың музыкасы жанды орындауда шырқала отырып, жаңа интонацияға ие болады, алайда онда көрермендер жақсы көретін ізгі сезімдер сақталады.

Фортепиано партиясын «Астана Операның» музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жоба авторы Раушан Бескембирова орындайды. Оның нәзік талғамы мен мінсіз кәсіби шеберлігінің нәтижесінде бағдарлама қазақстандық музыка тарихындай жанды әрі сан қырлы болып шықты.

– Бұл композиторлар Қазақстанның барлық заманауи музыкасының мызғымас тірегі іспеттес. Олар халықты ести білді және олармен қарапайым, шынайы, таңғаларлық әсем музыка арқылы ортақ тілде сөйлесті. Біз әрбір көрермен бұл музыка оның халқы және елі туралы екенін сезінетіндей атмосфераны жасауға тырыстық, – дейді жоба авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова. – Кешті өткізудегі идея  бізбен мәңгіге қалатын сүйікті композиторлармен және өткенмен диалог жасау болып табылады. Бұдан бөлек, С.Мұхамеджановтың сирек орындалатын аспаптық туындылары да бағдарламаға енді, олар біздің сахнада алғаш рет шырқалады. Осы музыкалық мұраны жас буынның да естігенін қатты қаладым, себебі олар ескірмейтін, керісінше мәңгі өмір сүретін туындылар.

«Өнер тарландары» концертінің үйлесімді құрылған бағдарламасы түрлі стильдер мен жанрларды қамтиды. Е.Брусиловскийдің «Қыз арманы» мен «Қос қарлығаш», Ш.Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» және «Кешікпей келем деп ең», Ә.Еспаевтың «Сайра, сайра сандуғашым», С.Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», Н.Тілендиевтің «Абай арманы» әндері мен тағы басқа музыкалық жауһарлар шырқалады.