ЕАЭО-да тасымалдауды цифрландыру

ЕАЭО елдері халықаралық автомобиль жүк тасымалдауларында электронды халықаралық жүкқұжаттарын (e-CMR) пайдалану бойынша пилоттық жобаны дайындай бастады.

Пилоттық жобаны өткізу туралы шешім 2024 жылы 29 қараша күні өткізілген Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің (әрі қарай – ЕЭК) отырысында қабылданды.

Жоба мақсаты – электронды цифрлық қолтаңбаны және сенімді үшінші тарапты пайдалана отырып, заңды маңызы бар трансшекаралық электронды құжат алмасуды тестілеу. Бұл – логистиканы цифрландыру және халықаралық тасымалдау рәсімдерін жеңілдету жолындағы маңызды қадам.

Сарапшылардың пікірінше, e-CMR-ді қолдану жүкқұжаттарын өңдеу уақытын айтарлықтай үнемдейді. Мысалы құжаттың қағаз нұсқасына 20 минуттан астам уақыт кететін болса, e-CMR оны 1 минут ішінде орындайды. Бұл тауардың шекарадан өтуін жылдамдатып, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, процестердің ашықтығын арттырады.

Жобаға уәкілетті мемлекеттік органдар, электронды құжат айналымы операторлары, тасымалдаушылар, жүк жөнелтушілер мен алушылар қатысады.

Жобаны іске асыру үшін ЕЭК Алқасы 2025 жылдың 11 наурызында арнайы жұмыс тобын құрды. Биыл 12 мамырда өткен жұмыс тобының бірінші отырысында жобаның мерзімі, құрылымы, сондай-ақ заңдық және техникалық талаптары талқыланды. e-CMR көмегімен пилоттық тасымалдауларды бастау келер жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.

Бүгінгі таңда жұмыс тобы келесі негізгі міндеттерді жүзеге асыруда:
– бірыңғай e-CMR форматын әзірлеу;
– трансшекаралық өткізу кезінде құжаттардың құқықтық маңыздылығын қамтамасыз ету;
– ЭҚА операторлары мен сенімді үшінші тарап арасындағы өзара әрекеттесу тәртібін анықтау.

Жұмыс тобының келесі отырысы алдағы қыркүйек айында өтеді.
Жалпы, жобаны жүзеге асыру ЕАЭО аясында логистика жылдам, ашық және барынша автоматтандырылған бірыңғай көлік кеңістігін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Пилоттық жоба нәтижелері ЕЭК Кеңесіне ұсынылады және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде электрондық ілеспе құжаттарды ауқымды енгізу бойынша кейінгі шешімдер үшін негіз болады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі