Астана Jüregimniñ Jenimpazy жүгірісіне дайындалуда

Әр аптаның жұма және сенбі күндері елорданың Ботаникалық бағындағы «Сый» ескерткішінің маңында Jüregimniñ Jenimpazy жүгірісіне арналған тегін дайындық жаттығулары өткізіледі. Бұл – ағза ауыстыруды қажет ететін пациенттерді қолдауға арналған жыл сайын өтетін маңызды іс-шара. Жаттығуларға дене дайындығының деңгейіне қарамастан, кез келген адам қатыса алады.

Алғашқы жаттығуды ауыр атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин өткізді. Қатысушылар арасында спортқа енді ғана бет бұрғандар да, өткен жылдардағы жүгіру шараларына қатысқан тәжірибелі спортшылар да болды. Бұлардың қатарында жаңа бүйрекке ие болған Анар Шаймергенова мен екі жылға жетер-жетпес уақыт бұрын бауыр трансплантациясынан сәтті өткен Андрей Шелестюк те бар. Олар 2024 жылғы Jüregimniñ Jenimpazy жүгірісіне қатысып, 1 және 10 шақырымдық қашықтықты бағындырған. Енді сол қашықтықтарды қайта жүгіріп өтуді жоспарлап отыр.

«Heart Center Foundation» қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыровтың айтуынша, жаттығулардың мақсаты – тек физикалық дайындық қана емес, сонымен қатар ортақ маңызды мақсат жолында бірігетін қоғамдастықты қалыптастыру. Бұл дегеніміз – бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе ауыстыруды күтіп жүрген 4 мың қазақстандықты қолдау. Олардың қатарында 96 бала бар.

Жаттығулардың «Сый» инсталляциясының дәл жанында ұйымдастырылуы да тектен тек емес. Бұл ескерткіш – жүрек донорлары мен олардың отбасыларына деген шексіз алғыс пен ризашылықтың символы. Дәл осы отбасылардың қиын, бірақ батыл шешімінің арқасында бүгінде 103 жүрек тоқтамай соғып тұр. 2012 жылдан бері елімізде жүрек трансплантациясы бойынша дәл сонша операция жасалған. Бұл еліміздегі трансплантология саласының гуманизм, кәсібилік және донорларға деген құрмет принциптеріне сүйене отырып, тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

«Жаттығуларды дәл осы инсталляцияның қасында өткізуіміздің символдық мәні бар. Бұл біздің негізгі миссиямыз бен жыл сайынғы жүгірістердің басты мақсатын еске салады. Қатысушылар не үшін жүгіріп жатқанын түсінуі керек. Іс-шара ағза ауыстырып аман қалғандар мен тағдыры енді құтқарылатын жандар үшін жасалуда. Әрбір жаттығудың артында нақты адамдардың тағдыры тұр. Сондықтан да бұл жүгірістің мәні де, маңызы де өзгеше», – деді Мұрат Зауыров.

Жаттығулар әр жұма күні сағат 06:30-да, сенбі күні 08:30-да басталады. Таңғы сессия 10 минуттық қыздырыну мен жеңіл жүгіруден басталады – бұл жүрек бұлшықеті мен денені алдағы жүктемеге дайындау үшін қажет. Одан кейін арнайы жүгіру және күш жаттығулары арқылы бұлшықеттер мен буындарды қыздыру маңызды, бұл жарақат алу қаупін төмендетеді. Жаттығудың соңында 10 минуттық баяу жүріс мен аздаған керіліп-созылудың нәтижесінде дене қалпына келтіріледі. Содан соң қатысушылардың барлығы белгіленген қашықтықты жүгіріп өтеді.

«Жүгіріс алдында осындай дайындық жаттығуларын жасау өте маңызды. Бұл қатысушылардың физикалық дайындық деңгейін арттырып, жарақат алу қаупінен сақтандырады. Әсіресе, мұның жүгіруді жаңадан бастағандар үшін маңызы зор. Жылдам нәтижеге ұмтылудың қажеті жоқ. Жүктемені біртіндеп, жүйелі түрде арттыру керек. Әйтпесе, шаршап, «күйіп» кетуіңіз мүмкін. Жаттығу кезінде техника мен өз жағдайымызға мән беру керек. Жаттығулар тұрақты болуға тиіс, бірақ шамадан тыс жүктеме болмауы қажет. Қатты ыстықта немесе қатты аязда жүгірмеген дұрыс – денені қызып немесе тоңып қалудан қорғау маңызды. Жүгіріс – бұл жарыс емес. Ол саналы түрде жасалатын, ләззат сыйлайтын әрекет болуы керек», – дейді кәсіби жаттықтырушы Павел Тенцер.

Оның айтуынша, бүгінде мұндай жүгірістер қаланың спорттық өмірінде маңызды орын алады. Алайда Jüregimniñ Jenimpazy – өзгеше. Бұл іс-шарада көшбасшылар болмайды, нөмір үлестірілмейді, жарыс рухы жоқ. Бірақ айқын да маңызды миссия бар, ол – трансплантология мәселелеріне қоғамның назарын аудару және Күту парағындағы адамдарды қолдау.

«Әр адам не үшін жүгіріп жатқанын біледі. Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Демек, жоба өз миссиясын сәтті атқарып жатыр. Ең бастысы, бұл – елімізде де, жақын шет елдерде де теңдесі жоқ ерекше жоба», – деп түйіндеді сөзін жаттықтырушы.

Жаттығулар 10 тамызда таңғы 7-де басталатын жүгіріске дейін жалғасады. Старт ЭКСПО аумағынан беріледі. Жүгіріс бағыты Ботаникалық бақ арқылы өтеді. Жарысқа қатыспайтындар да осы ауқымды спорт мерекесіне үлес қосып, оның танымалдығын арттыра алады. Ол үшін фестивальге келу жеткілікті. Бағдарламада жанды музыка, белсенділік, фудкорт, жәрмеңке, жүрек-өкпе реанимациясы бойынша оқыту және басқа да қызықты іс-шаралар бар.

Айта кетерлігі, Home Credit Bank Kazakhstan Jüregımnıñ Jenımpazy жүгірісінің бас демеушісі атанды.