Елорда жазының камералық музыкасы

«Астана Операдағы» жазғы театр маусымаралық кезеңінде Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда жарқын концерттік бағдарламалар жоспарланған. Дәстүрлі «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» жобасы елордалық сахнада 25 шілде мен 8 тамызда өтеді, ал 1 тамызда тыңдармандар назарына ерекше тартымды «Биске орындалған пассакалия» ұсынылады.
«Астана Операдағы» музыкалық демалыс» жобасы – еліміздің және шетелдің жетекші шығармашылық оқу орындарында білім алып жатқан дарынды жас қазақстандық әртістердің өнер көрсетуі. Болашағы жарқын жас өрендер әлемнің түрлі елдеріндегі сахналарда өнер көрсетіп, беделді халықаралық байқауларда жеңіске жету арқылы өз қабілеттерін дәлелдеп үлгерді, енді олар туған қазақстандық көрерменмен болатын алдағы кездесуді асыға күтуде. Бұл күндері театр сахнасына Пезаро қаласындағы (Италия) Дж.Россини атындағы Музыкалық консерватория, Кельн музыка және би жоғары мектебі (Германия), Шотландия Корольдік консерваториясы және жас музыканттарға арналған Генри Перселл мектебі (Ұлыбритания), Карнеги – Меллон университеті (АҚШ), П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы сынды беделді оқу орындарының студенттері шығады.
«Астана Операдағы» музыкалық демалыс» сияқты бастамаларды жүзеге асыру арқылы театр басшылығы маңызды міндет атқарып, классикалық сахнаның отандық жұлдыздарының болашақ толқыны саналатын жас таланттарға қажетті қолдау көрсетуде. Келешегінен зор үміт күттіретін бұл әртістер алдағы уақытта қазақстандық академиялық музыканы халықаралық дәрежеде насихаттамақ.
25 шілдеде көрермен алдында вокалистер Нұрай Шалман, Айдос Арниязов, скрипкашылар Дариға Қазкенова, Жанель Бекенова, альтшы Әділ Кәрімов, виолончельшілер Сейіт Жаныбеков, Илхам Айымбетов, флейташы Камила Исмағұлова, пианист Бейбарыс Смайылов және композитор Әліби Жанат өнерлерін паш етпек. Концертмейстерлер – Шахизада Құлсейітова, Рахима Тойке. Ал 8 тамызда сахнада сопрано Алина Кулбаева, скрипкашылар Нұрия Қанифа Қадыржан, Диана Мақажан, флейташы Афина Мавиди, фаготшы Абылай Жұмаке, пианистер Радия Оразалинова, Жұлдыз Ержеңіс, перкуссионист Айдар Фазылов өнер көрсетеді. Концертмейстер – Малика Аймақова.
Бұл күндері А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Ажардың ариясы, Н.К.Қадыржанның өңдеуінде қазақтың халық әні «Япурай», Әліби Жанаттың Домбыра мен фортепианоға арналған вариациялар және т.б. ұлттық шығармалар шырқалмақ. Сонымен бірге Л.Бетховен, В.А.Моцарт, Дж.Верди, Й.Гайдн, Ф.Шуберт, Ф.Лист, И.Брамс, К.Дебюсси, Э.Изаи, А.Скрябин, С.Рахманинов, Г.Венявский, А.Вьетан, А.Пьяццолла, О.Гордели сынды әлемдік классиктердің жауһарлары орындалады.
«Астана Операдағы» музыкалық демалыс» жобасынан бөлек, Камералық залдың жазғы репертуары аясында «Биске орындалған пассакалия» концерті де өтеді. 1 тамызда елорда тұрғындары мен қонақтары алдында театр оркестрінің әртісі скрипкашы Айя Ғаббасова, пианист Анара Камелинова және қазіргі уақытта Лондондағы Иегуди Менухин мектебінде білім алып жатқан виолончельші Азамат Мұхтарұлы өнерлерін паш етпек. Қызықты бағдарлама бароккодан бастап романтизмге дейінгі түрлі дәуірлердің шығармаларын қамтиды, оның қатарында Г.Ф.Гендель – Й.Хальворсеннің Пассакалиясы, Р.Шуманның «Фантастикалық пьесалары», И.Брамстың № 1 фортепианолық триосы, си мажор, және П.Сарасатенің «Сыған әуендері». Көрнекті отандық авторлар – Мансұр Сағатовтың «Күй» және Кенжебек Күмісбековтің «Поэма» туындылары кештің басты ерекшелігіне айналатыны сөзсіз.