Жарты тонна қоқыс Шымбұлақта EcoDay кезінде жиналды

Шымбұлақта 130-дан астам қатысушыларды біріктірген EcoDay ауқымды экологиялық сенбілігі өтті. Акция барысында Шымбұлақтан таудағы қайтыс болғандар мемориалына дейінгі танымал туристік бағыт бойынша жарты тоннаға жуық қоқыс (491 кг) жиналды. Оның 198 келісі қайта өңдеуге жіберіліп, қалғаны тиісінше кәдеге жаратылды.

Іс-шара Шымбұлақтың табиғатты аялау мәдениетін және тұрақты дамытуға бағытталған экологиялық жобалар сериясының бір бөлігі болды. Акцияға Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің, «Медеу» Мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мемлекеттік мекемесі,, Алматы қаласының альпинизм федерациясының өкілдері, сондай-ақ Wildnature.volunteers, Recycle Birge, Hello Eco еріктілері және Алматы қаласының белсенді тұрғындары қосылды.

Қатысушылар қоқысты жинап қана қоймай, оны мұқият сұрыптады: қайта өңделетін қоқыс (пластикалық және шыны бөтелкелер, қаңылтыр банкалар) қайта өңделмейтін қалдықтардан бөлінді. Барлық жиналған қоқыс еріктілердің күшімен Шымбұлақ аумағына жеткізілді, ал қайта өңделетін қалдықтар Recycle Birge қолдауымен мамандандырылған кәсіпорындарға шығарылды.

Сенбілік кезінде табылған ең таңғажайып олжа – 17 жыл бойы тауда жатқан шырынның қаңылтыр банкілері!

 Пластикке екінші өмір сыйлауға болады: қайта өңделген бөтелкелерден шаңғы тіреуіштері жасалады!

 “Шымбұлақ” курорты бірегей бастаманы іске қосуда: жаздың соңына дейін курорт қонақтары Recycle Birge экоакцияларында пластикті тапсыра алады. Бұл пластик пайдалы инфрақұрылымға – шаңғы мен сноубордтарды сақтауға арналған сөрелерге қайта өңделеді.

Шымбұлақ мұндай акцияларды тұрақты түрде өткізіп, экологиялық ұйымдармен, табиғи парктермен және еріктілер қауымдастықтарымен ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр. Бұл бастама – табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыру және таулардың тазалығын сақтау бойынша курорттың ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі.