Жетісу жастарына жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдылары үйретілуде

Жетісу облысында жастар арасында жасанды интеллект технологияларын меңгеру бойынша жаңа бастамалар жүзеге асырылуда. «Жетісу жастары» ұйымы өңірдің жас буынын заманауи IT-трендтермен таныстырып, ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын үйретуді қолға алды.
Ұйымның айтуынша, жастарға арналған әрбір іс-шарада, соның ішінде ауданаралық деңгейдегі «Qosyl fest» фестивалінде, арнайы спикерлер шақырылып, ChatGPT-мен тиімді жұмыс істеу бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Іс-шара барысында жас мамандар қатысушыларға жасанды интеллектті қолданудың қыр-сырын түсіндіреді.
Сонымен қатар, жақында Текелі қаласында Абай Құнанбайұлына арналған мурал тұсаукесері өтті. Шара аясында жасанды интеллект көмегімен жасалған Абай бейнесінің бейнеролигі жұртшылық назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек, өңір жастары «Jetisu Digital» ұйымы базасында IT саласын, жаңа технологияларды және жасанды интеллект форматындағы түрлі жобаларды әзірлеуді үйреніп жатыр. Бұл бастама жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және өңірде инновациялық экожүйені дамытуға бағытталған.



