«Риголетто» премьерасындағы халықаралық жұлдыздар

Әлемдік опера картасында Джузеппе Вердидің «Риголеттосы» әлдеқашан айрықша орынға ие. Ол музыкалық театрлардың тарихында ең жиі орындалатын туындылардың бірі саналады. Енді арада 20 жыл өткенде бұл опера елордаға қайта оралады. Оны 3, 4, 5 қазанда «Астана Опера» сахнасында француз режиссері Арно Бернардың жаңа қойылымында және қоюшы дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың басқаруымен ұсынады.

Алда болатын премьераның басты оқиғаларының бірі – халықаралық сахнадағы жас жұлдыздардың шақырылуы. Әсіресе оңтүстік кореялық баритон Чжунхек Феликс Пактың қатысуы ерекше назар аударады. Беделді еуропалық байқауларда мойындалған ол өзін туған елінің ең беделді орындаушыларының бірі ретінде әлдеқашан таныстырып үлгерді. Чжунхек Феликс Пак AsLiCo халықаралық байқауында Бірінші сыйлыққа және Көрермендер көзайымы жүлдесіне ие болған тұңғыш кәріс әртісі болды. Одан кейін Сальваторе Личитра, Agora мен Джудитта Паста байқауларындағы жеңістер, сондай-ақ 2025 жылы Портофинодағы Халықаралық опера байқауындағы екінші сыйлық қоржынына қосылды. Бүгінде ол Комодағы Джузеппе Верди консерваториясында білім алуда және AsLiCo академиясының әртісі ретінде дамуын жалғастыруда.

Ол үшін Риголеттоның рөлі айрықша маңызға ие. Бұл бейнені сомдауды ол алғашқы оқу жылында-ақ армандаған. Әншінің айтуынша, партияның күрделі тұсы кейіпкердің барлық қарама-қайшылығын көрсетуде болып табылады: кекесінмен сөйлейтін сайқымазақ жүрегі нәзік әрі мейірбан әке болып шығады. – Сайқымазақтың мысқылы мен әкенің махаббаты бір адамның бойында қатар жүреді. Мен өз интерпретациямда оның мұңы мен жүрегінің нәзіктігі ең өткір сәттердің өзін неғұрлым жағымды ететінін атап көрсетуге тырысамын, – деп әңгімеледі Чжунхек Феликс Пак.

– Джильданың қатысуымен болатын сахналар, әсіресе қорытынды көріністер мен үшін ең күрделі әрі әсерлі. Олар зор вокалдық күш-қуатпен қатар толық эмоциялық шындықты да талап етеді, себебі кейіпкердің ең жанға батарлық қырын ашады, – деп пікірімен бөлісті әнші. Бейнемен жұмыс істей отырып, әртіс ең алдымен мәтінге зейін қояды, тарихты және кейіпкерлердің психологиясын зерттейді, сосын оларды Дж.Вердидің музыкасымен біріктіреді. Чжунхек Феликс Пак өткен кезеңдердегі ұлы орындаушылардың тәжірибесін құрметтейтінін, алайда өзінің жеке жолын іздеуді, өз эмоциясы мен сезімдерін қосуды жөн санайтынын атап өтті.

Сондай-ақ елордалық көрермендер тағы бір жас әншімен танысады. Премьераның алғашқы күні Джильданың партиясын украиналық сопрано Юлия Засимова орындайды. Ол Цюрих операсы, Киев операсы және Туриндегі Реджио театрындағы өнер көрсетулерімен белгілі. Оның репертуары Моцарттан бастап Римский-Корсаковке дейін кең ауқымды қамтиды, ал Испанияда, Польша мен Әзербайжанда өткен байқаулардағы жеңістер оның жарқын әрі дара әртіс ретіндегі беделін бекітті.

– Астанадағы осынау премьераның бір бөлшегі болу – мен үшін үлкен қуаныш, себебі театр жаңа қойылымдар дүниеге келгенде ғана толыққанды тіршілік ете алады. «Риголетто» – ерекше опера: онда бір мәнді кейіпкерлер жоқ, олардың әрқайсысы сан қырлы әрі қарама-қайшы. Джильданың партиясы – Вердидің ең тесситуралы жоғары партияларының бірі. Ол мінсіз техниканы, дыбыстардың арасын үзбей жатық орындауды талап етеді. Менің кейіпкерімнің бойында тазалық, шынайылық, адал махаббат,  сонымен бірге өжеттілік пен жанкештілік бар. Кейіпкердің бейнесін табу үшін адамдарды, олардың іс-әрекеті мен реакциясын бақылап, сахнада шынайы эмоцияларды жеткізген жөн деп ойлаймын, өйткені опера қатты өзгерді әрі киноға жақындай түсті, сондықтан  көрермендер де жанды эмоцияларды көргілері келеді, – деп әңгімеледі Юлия Засимова. Сондай-ақ әнші вокалдық қалпын тек тәртіп пен жаттығулардың көмегімен сақтайтынын қоса айтты. – Әлбетте, бұл тұрғыда сахна да көмектеседі, әртіс сахнада көбірек болған сайын ол өзін анағұрлым сенімдірек сезіне бастайды. Десек те сахнаға шыққан әрбір сәт – әртіс үшін ерекше әрі тебіреніске толы, – деп қорытындылады шақырылған солист.

Дайындықтарда барлығы әккі зергерлердей мұқият жұмыс істеуде. Режиссер Арно Бернар әртістердің алдына күрделі міндет қоюда. Оның қойылымында Риголетто жағдайдың құрбаны ретінде ғана емес, өзінің күмәнді тұсы бар адам ретінде ұсынылады. Джильда – жанкешті әрекеттерге бара алатын батыл бойжеткен. Мантуя герцогы – Қайта өрлеу дәуірінің адамы, білімді әрі күшті, алайда ол ішкі қақтығыстан арылмаған.

Қоюшы режиссердің барлық тілегін суретшілер тобы жүзеге асыруда. Костюмдер бойынша суретші Анна Верде спектакльдің эстетикасын қарама-қайшылыққа құруда: Джильданың қардай аппақ көйлегі тазалықты білдірсе, ал Риголеттоның костюмі оның ішкі өзгерісін ашады. Өркеш пен ортопедиялық корсет кейіпкердің тәуелділігі мен дертінің белгісіне айналады, ал сарай адамдарының киімдеріндегі қою қара түстер іс-әрекеттің драмалылығын күшейтеді.

Маэстро Алан Бөрібаев бұл қойылымда Дж.Верди мінездерінің заманауилығын көрермендерге ұсынудың айрықша мүмкіндігін көреді. Оның сөзінше, «Риголетто» композитор шығармашылығының толысқан кезеңін ашады және Вердидің өзгеше жандардың тағдырына жүгінетінімен ерекшеленеді. Алда болатын премьерада кейіпкерлер мінездерінің психологиялық тереңдігі мен эмоциялық қуатына екпін қойылады.

Партияларды орындаушылардың бірнеше құрамы дайындады: Риголетто – Талғат Мұсабаев пен Чжунхек Феликс Пак, Мантуя герцогы – Жан Тапин мен Медет Чотабаев, Джильда – Юлия Засимова, Салтанат Ахметова және Лейла Аламанова. Спарафучилені Евгений Чайников пен Саргис Бажбеук-Меликян орындайды. Маддалена – Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова және тағы басқалары. Премьераға театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі хор әртістері қатысады.

Жақсы көруші әке, батыл қыз немесе зұлым герцог – осылардың арасында өздеріне кімнің жақын екенін көрермендер өздері шешеді. Алайда бұл қойылымнан кейін ешкім немқұрайлы күйде кетпейді.