Сайқымазақ бетпердесі мен әке жүрегі: «Астана Операдағы» ғаламат премьера

Көрермендердің жадында ұзақ сақталатын туындылар болады, өйткені олар адам табиғатының төркініне, эмоцияларға жүгінеді. Джузеппе Вердидің «Риголеттосы» лайықты түрде сондай шығарма саналады. Махаббат, сатқындық пен жаза туралы драма бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы бүкіл әлемдегі тыңдармандарға ой салып келеді. 3, 4 және 5 қазанда «Астана Опера» сахнасындағы премьера елорданың мәдени өміріндегі жарқын оқиғаға айналды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған қойылым театрдың көрермендерге музыкалық бояулардың жарқылымен қатар, шынайы эмоциялық толғанысты да сыйлай алатынын қайта дәлелдеді.

Алғаш рет 1851 жылы Венецияда шырқалған бұл опера терең психологизм мен батыл жаңашыл музыканы біріктірген соны көркемдік тәжірибе болды. Содан бері «Риголетто» адам намысының шегі, құштарлық күші мен  тағдырдың қайғылы шарасыздығы туралы мәңгілік сұрақтарды қоюын тоқтатқан емес.

Француздық қоюшы режиссер Арно Бернар – нағыз шетелдік танымал тұлға. Елордалық көрермендерге Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» спектаклі арқылы таныс ол қатаң опера дәстүрі салтанат құрып, сырты жылтыр дүниеден арылған интерпретацияны ұсынды. Ол сахналық безендіруді әдейі алып тастап, көрерменге ой-толғам үшін кеңістік қалдырғандай болды: торларды еске түсіретін қара конструкциялар тұйықтық сезімін туғызады, батпақпен және дауылмен болатын шешуші акт драманың түйінін апаттың әрі тазарудың символына айналдырады.

Бернар кейіпкерлерді олардың барлық қарама-қайшылығымен көрсете алды. Оның Риголеттосы – әрі қыршаңқы сайқымазақ, әрі тағдыры қиын адам, тәкаппар және бір мезгілде қорғансыз әке. Джильда аңғал құрбан ретінде емес, батыл қадамға бара алатын қайсар қыз ретінде таныстырылды. Мантуя герцогы – әзәзіл әрі өкім жүргізуші, сондай-ақ білімді гуманист, оның күмәнді тұсы адамдардың әлсіздіктерін білуден туады. Бұл пайымдау кейіпкерлерді үйреншікті бірмәнділіктен айырып, оларды нағыз жанды бейнелерге айналдырды.

Басты партияларды орындаушылар осынау ойды сенімді жүзеге асыра білді. Талғат Мұсабаев пен шақырылған кәріс баритоны Чжунхек Феликс Пактың орындауындағы Риголетто драмалық қуат пен вокалдық мәнерлілікке толы болды. Олардың түсіндірмелері сан қырымен – мысқылшыл қатаңдықтан бастап жүрек толқытарлық махаббатқа дейін таңғалдырды. «Cortigiani, vil razza dannata» ариясы спектакльдің эмоциялық шыңына айналды, ал Джильдамен болған дуэттер кейіпкер жанының нәзіктігі мен әлсіздігін ашып берді.

Джильданың партиясын украиналық сопрано Юлия Засимова мен театрдың опера труппасының жұлдызы Салтанат Ахметова, ал үшінші күні Лейла Аламанова тамаша таныстырды. Олардың орындауындағы «Caro nome» ариясы мінсіз колоратурамен, екпін тазалығымен және жарқын айқындылықпен естілді. Екінші актідегі әкесіне шындығын айтқан сәті ерекше күшті болды, онда кейіпкердің нәзіктігі мен уайымы нағыз вердилік мәнерлілікпен жеткізілді.

Солистер Жан Тапин, Артур Ғабдиев Мантуя герцогының партиясында темперамент жағынан әртүрлі болғанымен, барлығының да өнер көрсетулері сенімді шықты. Олардың тенорлары тамаша әрі көркем, ал әйгілі «La donna è mobile» керекті жеңілдікпен және мысқылшыл кербездікпен естілді. Евгений Чайников, Саргис Бажбеук-Меликянның орындауындағы Спарафучиле партиясы және Татьяна Вицинская мен Салтанат Мұратбекова сомдаған Маддаленаның бейнесі жанды екпіндер үстеп, драмалық шиеленісті күшейте түсірді. Бас хормейстер Ержан Дәуітов дайындаған хор да маңызды рөл атқарды. Әсіресе сарайдағы шытырман оқиғалар сахналарында хордың дыбыстауы айқындылығымен әрі қуаттылығымен ерекшеленді.

Қоюшы дирижер Алан Бөрібаевтың басқаруындағы оркестр спектакльдің музыкалық негізіне айналды: оның жетекшілік етуімен Вердидің партитурасы нәзік лирикадан бастап қайғылы шиеленіске дейін барлық қырынан ашылды. Маэстро оркестрдің жігерлі әрі өзіндік ойынына қол жеткізіп, керемет музыканың барлық атмосферасы мен бояуын бере білді.

Қойылымның көрнекі шешімі де назар аударуға тұрарлық. Риккардо Масиронидің декорациялары әркез залда отырғандардың таңданысын туғызды, олардың ұстамды символизмі әрекеттің дамуымен жарасымды үйлесіп отырды. Мантуя герцогының салтанатты сарайы оның шеберханасы жағынан көрсетілді. Бұл оның пана табатын, пендешілік тірлік пен өзі жек көретін жалған дүниеден құтылып, күнделікті өмір сүретін орны еді. Соңғы актіде жерге бой ұсынғандық, оқшаулықты көрсететін батпақтың, судың, лайдың болғаны жеткізілді. Джильда дәл осы жерде көз жұмды. Оның айқын нышанын білдірген дауыл туындының шарықтау шегіне айналды.

Сол дәуірдің стиліне ыңғайланып жасалған Анна Верденің костюмдері кейіпкерлердің мінездерін атап көрсетіп, сахнаны басы артық безендірулермен толтырған жоқ.

Көрермендер орындаушыларды сахнадан көпке дейін жібермеді. Қошеметтер вокал мен режиссураға деген таңданыстан ғана емес, кейіпкерлердің тағдырына деген ішкі баға беруден де туғандай болды. «Риголетто» ұлы операның музей жәдігері емес екенін, ол әркімді толғандыратын дүние жайлы жанды әңгіме екенін тағы бір еске салды.