Қазақстанда мұнай өндіруді арттыру әдістері бойынша халықаралық семинар басталды

ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек мұнай өндіруді арттыру әдістеріне арналған Халықаралық семинарға қатысты.
Іс-шараға еліміздегі мұнай кен орындарын игеруші компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, сондай-ақ жабдық пен химиялық реагенттер өндірушілер, лицензиясы бар технология иелері мен әлемдік жетекші сарапшылар жиналды.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіру көлемін арттыруға арналған заманауи технологиялар қолданылуда. Сонымен бірге Энергетика министрлігі бұл шешімдерді өнеркәсіптік деңгейде енгізуге жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.
Бүгінде Қазақстанның бірқатар мұнай кен орындарында инновациялық әдістер табысты іске асырылуда. Қаламқас және Шығыс Молдабек кен орындарында полимерлі айдау бойынша оң нәтиже бар. Қазіргі уақытта бұл технология елдегі ең көне Өзен кен орнына бейімделуде.
Айта кетейік, семинарға отандық және халықаралық ғылыми орталықтардың, өндірістік кәсіпорындар мен сарапшылардың қатысуы өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігі барлық ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, перспективалы жобаларды қолдауға дайын.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі



