Әлемдік балет жұлдызы Бақтияр Адамжан Дубайда өнер көрсетеді

«Астана Операның» жарқын премьері, үздік әлемдік бишілердің қатарына кіретін Қазақстанның ең танымал балет әртісі Бақтияр Адамжан 6 қарашада «Дубай Операда» «Роберто Болле және достары» беделді гала кешінде өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген беделді халықаралық байқаулардың лауреаты Бақтияр Адамжан есімі әлемге мәшһүр этуаль Роберто Боллемен оның танымал жобасы аясында бірнеше мәрте бірлесіп жұмыс істеген. Елордалық әртіске Италия, Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия мен басқа да елдердің көптеген қалаларындағы көрермендер сан мәрте қол соққан.

Сондай-ақ «Дубай Опера» көрермендері де Бақтиярдың шығармашылығымен жақсы таныс. 2023 және 2024 жылдары «Астана Операның» Біріккен Араб Әмірліктеріндегі гастролі кезінде жетекші солист П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетіндегі Щелкунчик ханзаданың басты партиясын керемет таныстырды.

– Ла Скала театрының прима-балеринасы Николетта Манни екеуіміз бірге А.Аданның «Корсар» балетінен па-де-дені орындаймыз. Маған БАӘ көрермендері әлдеқашан таныс және қазір көпшілігі мені «Дубай Операда» тағатсыздана күтіп жүргенін жазуда. Өздеріңіз білетіндей, бұл елде түрлі халықтардың өкілдері тұрады, оның ішінде қазақстандықтар да бар, олар балетті жақсы көреді және өнер көрсетулерге қуана-қуана келеді. «Щелкунчиктен» кейін бұл қалада тек шетелдіктердің арасында емес, жергілікті халықтың ортасында да менің шығармашылығыма жанкүйер көптеген жандар пайда болды, сондықтан өнерді бағалайтын байырғы тұрғындарды тағы қуанту өте қызықты болмақ. «Астана Опера» атауы концерт афишасында үздік әлемдік театрлармен қатар көрсетілген, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік, сондықтан өнер көрсетудің жоғары деңгейде өтуі үшін және көрермендер аудиториясын риза қылу үшін мен өз тарапымнан барлық күш-жігерімді салуға дайынмын, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі өнер көрсетуінен аз уақыт бұрын Бақтияр Адамжан Корольдік балет пен Ағылшын ұлттық балетінің прима-балеринасы Алина Кожокарудың арнайы шақыруымен «Алина және достары – Әлемдік балет жұлдыздарының гала-концерті» бағдарламасында Қытай жұртшылығының алдында өнерін паш еткенін атап өтуіміз керек. Жетекші солист осы айды «Астана Операдағы» туған сахнасында Морис Жаррдың музыкасына Ролан Петидің қойылымындағы «Париж Құдай анасының соборы» хореографиялық жауһарында Квазимодоның басты партиясында аяқтайды.

Ал Аспан асты елінің тұрғындары үшін Бақтияр Адамжан әлемдік балет классикасының ең лирикалық әрі әсерлі сәттерінің бірі, әртістерден мүлтіксіз орындау тазалығы мен таңғаларлық эмоциялық қайтарымды талап ететін А.Хачатурянның «Спартак» балетінен адажионы, сондай-ақ Диана мен Актеонның әйгілі па-де-десін дайындады. Осынау техникалық жағынан күрделі әрі виртуоздық нөмір сахналық харизманы, биік секіруді және мол күш-қуатты қажет етеді. – Сахнадағы серігім Бьянка Тейшейра екеуіміз гала-концерт болатын күні ғана кездесіп, танысқан едік. Дайындық кезінде бидің бір-екі тұсын тексеріп көрдік те, кешкісін сахнаға шықтық. Гала-бағдарламаларға ұдайы қатысу және түрлі серіктестермен жұмыс істеу қызметімде қамтылғандықтан өнер көрсетудегі мұндай ерекшеліктер жиі болып тұрады, – деп әңгімеледі Бақтияр.

Жетекші солист қытайлық көрермендердің қонақжайлылығын ризашылықпен еске алды. – Мені өте жақсы қарсы алды. Ұлттық орындаушылық өнер орталығы сынды Бейжіңнің ірі алаңындағы екі күнгі өнер көрсету аншлагпен өтті. Одан кейінгі Сиань мен Шанхайдағы концерттер де дәл солай табысты болды. Жоба ұйымдастырушыларының өздері таңғалып, табиғаты жағынан ұстамды келетін қытайлық аудиторияға әртісті бұлай тоқтаусыз қошеметпен қарсы алу тән емес екенін және олардың халқы үшін бұл сирек кездесетін жайт екенін атап өтті, – деп пікірімен бөлісті солист. Қазақстандық премьердің жетістігі біраз жерге тарап, оған көп күттірмей келесі шақыру да келді.

Айта кетейік, бүгінде Б.Адамжанның гастрольдік кестесінің тығыз болғаны сонша, шілденің басынан қарашаға дейінгі аралықтың өзінде оның халықаралық сапарларының саны отызға жуықтады. Сұранысқа ие әртісті бір айдан кейін Оманда «Астана Операның» туры аясында жауапты өнер көрсету күтеді. Онда театрдың балет труппасы мен симфониялық оркестрі Л.Делибтің музыкасына Р.Петидің хореографиясындағы «Коппелия» балетін таныстырады. Омандық көрермендер Бақтияр мен оның әріптестерін жақсы біледі: 2017 труппа Маскаттың Корольдік театр сахнасында П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін зор жетістікпен орындаған еді. Осылайша, бүгінде Бақтияр Адамжанның есімі еуропалық театрлардың ғана емес, сонымен қатар Азия, Австралия мен Таяу Шығыстағы театрлардың афишаларында да сенімді аталады. Ал жер шарының әр қиырындағы жаңа өнер көрсетулерге ангажементтер бірінен соң бірі түсуін жалғастыруда. Бұл қазақстандық орындаушының әлемдік танымалдылығын әрі еліміздің хореографиялық өнерінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте айғақтайды.