Air Astana қазақстандық суретшілермен бірлесіп жаңа жол жиынтықтарын ұсынады

Air Astana әуекомпаниясы эконом санаттағы жолаушылары үшін жаңа жол жиынтықтарының топтамасын ұсынды. Коллекция қазақстандық суретшілермен бірлесіп жасалып, жайлылықты, ұлттық мәдени ерекшелікті және экологиялық жауапкершілікті үйлестіреді.
Жобаға отандық суретшілер – Индира Бадам, Әйгерім Қарыбаева, Анар Абжанова, Сәуле Сүлейменова және Марат Бекей қатысты. Топтама 14 ерекше дизайннан тұрады, олардың әрқайсысы Қазақстанның мәдени мұрасын, табиғат сұлулығын, дәстүрлерін және балалық шақ естеліктерін бейнелейді. Суретшілердің туындылары мыңдаған жолаушылардың күнделікті сапарына көрік беріп, ұлттық мәдениетті әлемге таныстырады.
Жол жиынтықтары екі форматта ұсынылған: көлденең пішінді жиынтықтар – Қазақстаннан ұшуларда, ал тік пішінділері – елге келетін жолаушыларға арналған. Екі бағытта да саяхаттайтын жолаушылар әртүрлі дизайндағы жиынтықтарды жинап, толық коллекцияны құра алады.
Экологияға баса мән берілген. Жиынтықтың сырты қайта өңделген RPET материалынан тігілген. Ал ішінде бамбуктан жасалған тіс щеткасы, крафт қағазынан жасалған қалам, ұйқы маскасы және қайта өңделген талшықтардан тоқылған шұлықтар бар. Қазақстаннан ұшатын жолаушыларға сонымен қоса үрлемелі мойын жастығы ұсынылады.
Жаңа жол жиынтықтары 2025 жылдың қарашасынан бастап ұзақтығы үш сағаттан асатын халықаралық рейстерде қолжетімді.
Бастама заманауи қазақстандық өнерді қолдауға және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған. Топтама Air Astana компаниясының ESG қағидаттарын енгізу және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын үздіксіз арттыру стратегиясына сүйенеді.



