Қазақстандық сахнадағы италиялық драма

23 қарашада «Астана Опера» сахнасында нағыз құштарлық оты жалындайды деп күтілуде. Театр әлемдік классиканың ең драмалық әрі музыкалық тұрғыда керемет туындысы – Джакомо Пуччинидің «Флория Тоска» операсын көрсетілімге дайындауда.

Спектакльдің көркемдік безендірілуі қызықты форматта ойластырылған: үлкен LED-экрандар көрермендерді XIX ғасырдың басына, Наполеон әскері Италияға басып кірген тарихи аласапыранға жетелейді. Өткен дәуірдің рухын қайта жаңғыртатын костюмдер сыртқы ауқымдылықты толықтырып тұрады. Дирижер тұғырында – Пуччини партитурасын егжей-тегжейлі білетін санаулы дирижерлердің бірі, маэстро Джузеппе Акуавива.

Театр режиссері Еренбақ Тойкенов операның ғасырлар бойы жасауының себебіне айналған адам құштарлықтарына баса назар аударды. Суретші Каварадосси мен әнші Флория Тосканың махаббаты спектакльдің өзегіне айналады. Олардың сезімі адал болғанымен, бұл махаббаттың болашағы жоқ еді, ол зорлық-зомбылық, азап пен өлім жазасының шырмауына батқан. – Бұл қойылымның классикалық нұсқасы. Алайда XX ғасырдың басында жазылған оқиға желісі бүгінде заманауи триллердің сценарийі іспетті естіледі: қудалау, қастық, сатқындық, қаза – мұның барлығы опера түрінде өрбиді, – деп әңгімеледі Еренбақ Тойкенов.

Басты партияны театрдың опера примасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина орындайды.

– Тоска – менің ең сүйікті партияларымның бірі. Көлемі жағынан ауқымды болып келетін бұл рөл асқан эмоциялық күш салуды талап етеді. Бір спектакльде кейіпкер махаббат, торығу, үміт пен өлім орын алатын жолмен жүріп өтеді. Бұл партияға жаныңды салмау мүмкін емес, – деп ағынан ақтарылды әнші. Елордалық көрермен үшін Жұпар Ғабдуллинаның өнер көрсетуі – әрдайым көптен күткен оқиға. Соңғы рет оның қуатты драмалық сопраносын шілдеде Турандоттың партиясында тыңдай алдық. Оның сахнаға әрбір шығуы – көрермендер жоғары деңгейдегі опера примасының өнерімен рақаттануға мүмкіндік алатын нағыз мереке.

Оның серіктесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы орденінің кавалері Медет Чотабаев болмақ. Ол Каварадоссиді туған театр сахнасында бірнеше мәрте орындады, ал бірнеше ай бұрын Мариинский театрының Приморск сахнасында осы рөлде өнер көрсетті. – «Recondita armonia» мен «E lucevan le stelle» ариялары – әлемдік репертуардың хас жауһарлары. Оларды орындау бір жағынан мәртебе болса, екінші жағынан сынақ, – деп атап өтті Медет Чотабаев. Ал Скарпианың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев таныстырады.

Басты кейіпкерлермен бірге сахнада театрдың басқа да керемет әртістері өнер көрсетеді: Шіркеу қызметкері – Саргис Бажбеук-Меликян (дебют), Анджелотти – Болат Есімханов, Сполетта – Бейімбет Таңарықов, Шарроне – Сұлтан Бақытжан (дебют), Түрме бақылаушысы – Алғыс Сұлтанғазы (дебют), ал Бақташы бала рөлін Тоғжан Ермағамбет (дебют) орындайды.

Спектакльдің басталуы 18:00-де.