Жалпыкомандалық есепте бірінші: сурдодзюдошылар қоржыныда тағы 2 алтын, 1 күміс және 2 қола

Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиялық ойындардың кезекті жарыс күні Қазақстанның дзюдо құрамасы үшін ең сәтті күндердің біріне айналды. Біздің спортшылар екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы қазақстандық дзюдо мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Канафин финалдық белдесуде венгр дзюдошысы Патрик Отвошты сенімді түрде жеңіп, Сурдлимпиялық ойындардың чемпионы атанды. Қазақстандық спортшы жарыс бойы қарсыластарына мүмкіндік бермей, шешуші кездесуде де басымдықты толық өз жағында ұстай алды.
70 келіге дейінгі салмақта елімізге тағы бір алтын медальді Амина Файзулина сыйлады. Ол финалда украиналық дзюдошы Марина Похореловамен кездесіп, жоғары техникасы мен тактикалық шеберлігін көрсетіп, жарысты тұғырдың ең биік сатысында аяқтады.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Токтарбек Айдарбек те финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол француз дзюдошысы Артур Репикемен кездесіп, тартысты өткен кездесуде қарсыласынан ұтылып, Сурдлимпиялық ойындардың күміс жүлдегері атанды.
Турнирдің қола жүлдегерлері қатарында Анна Краморова мен Сабыржан Хапизов бар. 78 келіге дейінгі салмақта Краморова франциялық спортшы Нинон Таилиден үстем түсіп, өзінің алғашқы сурдлимпиялық медалін жеңіп алды. Ауыр салмақта, 100 келіден жоғары санатта Сабыржан Хапизов үшінші орын үшін өткен белдесуде украиналық спортшы Володимир Маклаковты жеңіп, ұлттық құраманың қоржынына тағы бір қола медаль салды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиялық комитеті вице-президенті Азамат Қарлығашев Еркебұлан Канафиннің жеңісін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Канафин Қазақстан тарихында дзюдодан Сурдлимпиялық ойындардың екі дүркін чемпионы атанған алғашқы спортшы болып отыр. Сондай-ақ ол бұл күнгі нәтижелер бапкерлік штаб пен бүкіл команданың жүйелі еңбегінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, екі күннің қорытындысы бойынша дзюдо құрамасының қоржынында төрт алтын, бір күміс және төрт қола медаль бар. Медальдық есеп нәтижесі бойынша Қазақстанның дзюдо құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиялық комитетінің бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, демеуші – Sport Qory спортты қолдау қоры.
Ұлттық сурдлимпиялық комитетінің баспасөз қызметі



