«Астана Опера» солисі Дінмұхамед Көшкінбаев шетелдік сахнада өнер көрсетеді

«Астана Опера» театры опера труппасының солисі, беделді халықаралық байқаулардың лауреаты Дінмұхамед Көшкінбаев 28 қарашада Мәскеудегі Одақтар үйінің Колонна залында өнер көрсетеді.
«Чайковский вне времени» мерейтойлық концерті біртуар композитор П.И.Чайковскийдің туғанына 185 жыл толуына, сондай-ақ оның алғашқы Фортепианолық концерті премьерасының 150 жылдығына арналады.
Дарынды баритон, Astana Opera халықаралық опера академиясының түлегі, «Астана Опера» солисі Дінмұхамед Көшкінбаевтың қоржынында көптеген вокалдық байқаудағы жеңістер бар. Атап айтсақ ол – Бибігүл Төлегенова байқауының бас жүлдегері, Ева Мартон танымал халықаралық вокалистер байқауының (Венгрия) финалисі және үздік баритон атағының иегері, сондай-ақ Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауының арнайы жүлде иегері. Ал әншіге кең танымалдылықты «Большая опера» әйгілі телевизиялық жобасындағы жеңісі алып келді.
Дінмұхамед түрлі концерттік бағдарламалар мен спектакльдерде Украина, Венгрия, Грузияда жарқын өнер көрсеткен. Алайда қазақстандық баритон үшін бұл Мәскеудегі Одақтар үйінің Колонна залының сахнасына алғашқы шығуы болмақ.
– Бұл менің осы сахнадағы дебютім болады. Мәскеуде болғанымда осынау тарихи залды сыртынан жиі тамашалайтынмын және бір күні осында өнер көрсетсем керемет болар еді деп ойлайтынмын. 150 жыл бұрын мұнда Чайковскийдің алғашқы Фортепианолық концерті шырқалды, – деп атап өтті жарқын опера әншісі Дінмұхамед Көшкінбаев.
Айта кетейік, қазақстандық баритон онда Италия, Беларусь және Ресейдің танымал опера әншілерімен бірге өнер көрсетеді. Ол П.Чайковскийдің «День ли царит» романсын және «Иоланта» операсынан Эбн-Хакияның ариясын орындайды.
– П.Чайковскийдің шығармашылығымен танысуды колледж қабырғасынан-ақ бастағанбыз және менің опера әншісі ретіндегі кәсіби жолым оның романстарымен есте қалды, сондықтан Чайковский – мен үшін ерекше композитор. Оның туындылары таңғаларлықтай әсем әрі сонымен бірге орындауға өте күрделі: олар әртістен қуатты дауыспен қатар, зор эмоциялық қайтарымды да талап етеді. Чайковскийдің ТМД елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге танымал опералары бар. Олар әлем сахналарында шырқалып келеді, – деді Дінмұхамед Көшкінбаев. Сондай-ақ ол Чайковскийдің туындыларымен көптеген байқауға қатысқанын, ал былтыр «Евгений Онегин» операсындағы Онегиннің партиясын Самара театрында алғаш рет орындағанын қоса айтты.
Алдағы жылы опера әншісінің Арменияда, Әзербайжанда және БАӘ-де (Дубай) өнер көрсетулері жоспарланған.
– Шетелге гастроль кезінде мол тәжірибе аламын. Бұдан бөлек, әлемдік деңгейдегі кәсіби әртістермен танысып, шығармашылық байланыс орнатамын. Мұндай сапарлар әртіс ретінде өсуге айтарлықтай ықпал етеді. Біз өзімізді осылай шыңдаймыз. Алдағы концертке қатысатын опера әншілерімен және дирижерлермен бұрын-соңды бір сахнада өнер көрсетпеген едім, сондықтан мен үшін қызықты болғалы тұр, – деп қорытындылады баритон.



