Қазақстандық тенор қалай Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасының қатысушысы атанды

Опера әлемінде айрықша нүктелер болады, оларға жеткізетін жол дарын мен таңғаларлық еңбекке қабілеттілікті талап етеді. «Астана Опера» солисі Нұрсұлтан Әнуарбек үшін мұндай нүкте Үлкен театр болды. Жас тенор байқаудың үш тыңдалымынан өтіп, «солист-вокалист» мамандығы бойынша Жастар опера бағдарламасына ресми түрде қабылданды. Ол өзінің оқуын биыл қараша айының соңында бастайды.
Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасын жас дауыстардың ұстаханасы деп атайды. Ол 2009 жылы әртістерді беделді сахналардағы жұмысқа дайындау мақсатында құрылды. Оның қағидаты қарапайым әрі өршіл: егер әнші В.А.Моцартты оқыса, онда онымен классицизм дәуірі бойынша маман жұмыс істейді, ал егер Дж.Вердиді оқуға ынталанса, онда оған Верди мәнерін керемет меңгерген ұстаз тәлімгер болады.
Әншілермен вокал коучтері, дирижерлер мен режиссерлер дайындалады. Жас орындаушылар вокал техникасын ұштап, шет тілдерді, сахна қозғалысы шеберлігін, актерлік өнерді меңгереді. Олар Үлкен театрдың Тарихи және Жаңа сахналарындағы спектакльдер мен концерттерге қатысады, сондай-ақ Бетховен залындағы камералық кештердің бағдарламаларында өнер көрсетеді.
Нұрсұлтан Әнуарбектің хикаясы мақсатқа ұмтылуымен таңғалдырады. Ол өз жолын Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде (2017–2021) бастады, содан кейін білімін Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғастырды (2021–2025). Студент кезінен-ақ ол байқауларда үнемі жүлделі орындар алып, өзін таныта бастады. 2023–2024 жылдары Нұрсұлтан жас әншілерге әлемдік деңгейдегі маэстролармен жемісті тәжірибе жасауға әрі жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жоба – Astana Opera халықаралық опера академиясының тыңдаушысы болды. Дәл осы жерде ол алғаш рет кәсіби сахнаның дәмін сезінді. Ал кейін әнші «Астана Опера» опера труппасының солисі атанды.
Нұрсұлтан Әнуарбек жеңімпаз атанған немесе жүлделі орындар иеленген байқаулардың өте беделді додалар екені атауларынан-ақ байқалады: «Қазақ романсиадасы» XXVI халықаралық жас орындаушылар байқауының Гран-приі (2024, Түркістан), Карузо – Де Куртистің I халықаралық опера әншілері байқауындағы I орын (2023, Италия), XXVIII Мәскеу халықаралық орыс романсын орындаушылар байқауындағы I орын (2024). Ал 2024 жылы ақпанда ол бүкіл әлемнен мықты жас музыканттардың басын қосқан Қысқы Халықаралық өнер фестивалі аясында Сочиде Юрий Башметтің шеберлік сабақтарының қатысушы атанды.
Бүгінде Нұрсұлтан Әнуарбек өзінің шығармашылық өмірбаянының жаңа тарауына дайындалуда. Бұл тарау Мәскеуде жалғасады. Мекенжайы белгілі – Үлкен театр, дәл осы жерде есіктер айқара ашылады, ал оның артында үлкен кәсіпқойлар қалыптасады.
– Үлкен театрдағы тыңдау бірнеше кезеңнен тұрды және шынымды айтсам, бұл өте тебіреністі сәт болды, әсіресе сені Үлкен және Мариинский театрларының директоры, біртуар дирижер В.Гергиев бағалап жатқаннан кейін толқымай тұра алмайсың. Бәсекелестік үлкен болды, алайда мен өзімді барынша шынайы көрсетуге әрі музыкалық қабілетімді кеңінен паш етуге тырыстым. Мұндай деңгейдегі жастар бағдарламасының бір бөлшегіне айналу – мен үшін зор мәртебе. Осы жобада Қазақстанды және өз театрымды таныстыру мүмкіндігіне ие болғаныма айрықша қуаныштымын. Бағдарлама аясындағы оқу жаңа кәсіби тәжірибе мен шабыт алуға, әртіс ретінде өсуге мүмкіндік береді деп сенемін. Оқу жақын күндері басталады, сондықтан мен осы сәтті тағатсыздана күтудемін, – деп қорытындылады «Астана Опера» солисі Нұрсұлтан Әнуарбек.



