Алматылық флейташы мен елорданың үздік дауыс иелері «Астана Операда» өнер көрсетеді

«Астана Опера» ән сүйер қауымды ұлы музыка әлеміне ұмытылмас саяхатқа жетелейтін ғаламат Гала-опера дайындады. Бірегей бағдарлама 29 қарашада театрдың жарқын солистерін, қуатты хор мен симфониялық оркестрді біріктіреді. Кеш аясында Алматыдан шақырылған әртіс – флейташы Ержан Құшановтың Үлкен зал сахнасындағы дебюттік өнер көрсетуі өтеді.

Осынау музыкалық кешке Франция мен Чехиядағы халықаралық байқаулардың лауреаты Ержан Құшановтың қатысуы тыңдармандарға опералық вокал мен флейтаның еліктірерлік дауысының ұмытылмас тоғысуын уәде етеді. Париж жоғары ұлттық музыка және би консерваториясының түлегі әрі магистрі Ержан Құшанов өз интерпретациясына француздық орындаушылық әсемдігін үстейді. Әртістің еуропалық тәжірибесі концерт залдарындағы өнер көрсетулерді, оркестрлермен жұмысты әрі шығармашылық ұжымдармен ынтымақтастықты қамтиды.

– Мен қатты толқыныс пен тебіреністі бастан кешудемін, себебі еліміздің жетекші оркестр ұжымдарымен бірге «Астана Операның» аңызға айналған Үлкен залында алғаш рет өнер көрсету – мен үшін зор мәртебе. Осыған дейін мен елордалық театрдың Камералық залы сахнасына шыққан едім. Оның акустикасы барлық әлемдік талапқа сай екенін атап өткім келеді, онда ойнаған сондай ыңғайлы, – деп пікірімен бөлісті Ержан Құшанов.

– Байырғы досым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері маэстро Ерболат Ахмедьяровпен бірге бұл кеште екі туындыны, атап айтқанда флейта репертуарының інжу-маржаны – француз композиторы Сесиль Шаминадтың Концертиносын, сондай-ақ Карл Райнекенің Флейтаға арналған концертін ре мажор орындауды жоспарлап отырмыз. Бұл – Романтизм дәуіріндегі флейтаға арналған ең көркем туындылардың бірі, өкінішке қарай ол флейта репертуарында соншалықты кең ұсынылмаған. Райнеке бұл концертті 84 жасында жазып, онда аспаптың барлық әсемдігі мен мүмкіндігін ашып көрсетті. Бұл жетілген әрі жіті ойластырылған гармониясы бар толыққанды симфониялық туынды, мұнда екінші бөлім нағыз опералық ария секілді шырқалады, – деп әңгімеледі музыкант. – Біз көрермендерге барынша мол қуаныш сыйлауға әрі жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысамыз, – деп қорытындылады ол.

Кештің шарықтау шегі опера классикасының хас білгірі италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның басқаруындағы екінші бөлім болмақ. Оның жетекшілігімен «Астана Операның» жетекші солистері, хоры мен оркестрі әлемдік опера репертуарының алтын қорындағы танымал ариялар, дуэттер мен сахналардан құралған мұқият ойластырылған бағдарламаны орындайды. Р.Леонкаваллоның «Паяцы», П.Масканьидің «Ауыл абыройы», Дж.Пуччинидің «Эдгар», Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта», «Фауст», Дж.Россинидің «Вильгельм Тель» және тағы басқа әлемге танымал опералардан үзінділер шырқалады.

Академиялық вокал шеберлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Татьяна Вицинская,Талғат Мұсабаев, Медет Чотабаев, Жан Тапин, сондай-ақ Галина Чеплакова мен Саргис Бажбеук-Меликян тыңдармандарға естен кетпес әсер сыйлайды. Театрдың бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Концерттің басталуы 18.00-де.