Қараша қорытындысы: сауда көлемі – $1,23 млрд, ақша нарығындағы жеке долларлық қор, жаңа брокерлер мен құралдар

ITS халықаралық сауда алаңы 2025 жылғы қараша айының қорытындысы бойынша инвесторларға жаңа құрал – өзінің ITS Dollar Liquidity (ITSD) ақша нарығының биржалық қорына қолжетімділік берді, бағалы қағаздар тізімін кеңейтті және саудаға екі жаңа брокер қосты.

Қараша айындағы сауда көлемі $1,23 млрд болды. Бұған дейін қазан айында жаһандық нарықтардағы құбылмалылықтың күшеюі аясында айналым рекордтық деңгейге – $1,82 млрд-қа жеткен еді.

ITS алаңындағы қараша айының орташа күндік сауда көлемі $62 млн болды. Бір ай ішінде инвесторлар 270 мың мәміле жасады.

Қарашада ең көп сұранысқа ие шетелдік бағалы қағаздар – Tesla, Inc. (TSLA), NVIDIA Corporation (NVDA), Freedom Holding Corp. (FRHC), Alphabet Inc. Class A (GOOGL) компанияларының акциялары, сондай-ақ биржалық қорлардан ProShares Ultra Bloomberg Natural Gas (BOIL) және Direxion Daily Semiconductor Bull 3X Shares (SOXL) болды.

Сауда алаңдарындағы айналым көлемі жаһандық нарықтардағы волатильділікке байланысты, ал жаңа брокерлердің қосылуы мен инвесторларға қолжетімді құралдар санының артуы айналым өсіміне ықпал етеді.

Қарашада ITS-тің сауда қатысушысы мәртебесін Еуропалық одақ лицензиясына ие болгариялық инвестициялық брокер DeltaStock, сондай-ақ 25 жылдан астам тарихы бар Қазақстанның ең ірі брокерлерінің бірі – Еуразиялық Капитал алды.

ITSD қорының 2025 жылғы 25 қарашада іске қосылуы ITS биржалық қорлары қатарын 15 құралға дейін кеңейтті. Қарашадағы осы ETF акцияларына апталық орташа ақша ағыны $140 мың, ал орташа күндік айналым $900 мың болды.

«Бұдан бір жыл бұрын АХҚО-да Орталық Азиядағы алғашқы ETF – ITS World (ITSW) қоры іске қосылды. 2025 жыл Орталық Азияда толыққанды халықаралық ETF-хаб қалыптасқан жыл болды. Соңғы 12 айда ITS қатысуымен 15 ETF іске қосылды, ETF нарығына жаңа ойыншылар шықты, мыңдаған инвестор бұл құралдардың артықшылықтарына көз жеткізді», – деді ITS басқарушы директоры Александр Диаковский.

«ITS инфрақұрылымы АХҚО қаржы экожүйесін дамытуда маңызды рөл атқара бастады», – деп қосты Диаковский.

ITS әзірлеген биржалық қорлардың басқарушы компаниясы – АХҚО-ның бөлшек инвесторларға арналған қорларды басқару жөніндегі лицензиясына ие IPS Capital. Құралдар АХҚО юрисдикциясында тіркелген және AIX биржасында бастапқы листингтен өткен. ITS пен IPS Capital бірлесе іске қосқан ETF-терден жеке тұлғалардың алатын табыстары Қазақстанда салықтан босатылған, бұл оларды шетелдік қорлармен салыстырғанда тиімдірек етеді, өйткені шетелдік қорлар бойынша салықтық ұсталымдар қолданылады.

ITS платформасында 3000-нан астам инвестициялық құрал, оның ішінде 300-ден астам ETF қолжетімді, бұл инвесторларға кез келген нарықтық сценарийге сай стратегиялар құруға мүмкіндік береді.