Вирустық А гепатиті

Вирустық А гепатиті немесе боткин ауруы – А гепатиті вирусынан туындаған бауырдың жіті инфекциялық ауруы. Климаты жылы және санитариялық жағдайы төмен елдерде сырқаттанушылық көп тіркеледі.

Жұқтыру кезеңінен аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі кезең орта есеппен 35 күнді құрайды. Инфекция көзі – науқас адам, сыртқы ортаға ең қауіптісі сарғаю алды кезеңіндегі науқастар. Аурудың жасырын және сарғаюсыз кезеңінде жұқпаны жұқтыру процесі өте жоғары болады.

Вирустық «А» гепатитіне күз-қыс айларындағы маусымдылық тән. Күзде жаңа оқу жылы басталған кезде ұйымдастырылған ұжымдар арасында (мектеп, мектеп – интернаттары, балабақша) науқас адам болған жерде жұқпа еніп, жұқпаның тез және кеңінен таралуына мүмкіндік пайда болады.

Негізінде, вирустық А гепатитімен ауырғандардың барлығы толығымен сауығады, сауыққаннан кейін ағзада өмір бойына ауруға қарсы тұрақты иммунитет қалыптасады, ауырған адам қайтадан ауырмайды.

Жетісу облысында ағымдағы жылдың 10 айында вирусық «А» гепатитінің 21 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 5 (23,8%). Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық 4,7 есеге төмендеген. 2025-2026жж. жаңа оқу жылында мектептерде сырқаттанушылық тіркелмеді.

Вирустық «А» гепатитінің кеңінен таралуы көбінесе ұйымдастырылған ұйымдарда болғандықтан жұқпа тіркелген мектептерде келесі шаралар атқарылуы қажет:

  • оқушыларды мектептің үй-жайларын жинауға тартуға жол бермеу;
  • байланыста болған адамдар науқаспен байланысты үзгеннен кейін 35 күн бойы апта сайын дәрігердің тексеріп- медициналық бақылау;
  • бақылау кезеңінде жаңадан балалар қабылдауға және байланыста болған балаларды бір топтан екінші топқа, бір мекемеден екінші мекемеге ауыстыруға жол бермеу;
  • ауру жағдайы тіркелген сынып үшін кабинетте оқыту жүйесін тоқтату, сырқаттанушылық өршіген кезде соңғы жағдай тіркелген күннен бастап инкубациялық мезгілде барлық бастауыш және негізгі орта білім беру ұйымы бойынша кабинетте оқыту жүйесін тоқтату;
  • залалсыздандыру, жуу құралдарымен және тазалау жабдықтарымен қамтамасыз ету;
  • оқушылар арасында вирустық гепатит «А» сырқаттанушылығының клиникалық белгілері және алдын алу мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын (диктант, дәріс, т.б.) ұйымдастыру.

Индира Кунбасова

Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары