Цифрлық кеңістіктегі жаңа шындық: Астанада ЕО-ның үшінші Медиа Форумы өтті

Астанадағы Maqsut Narikbayev University (MNU) ғимаратында өткен Еуропалық Одақтың үшінші жыл сайынғы Медиа форумы биыл ерекше бір тыныс сыйлады. Жасанды интеллекттің дамуы, ақпараттық манипуляциялардың күшеюі, цифрлық ортадағы қауіпсіздік. мұның бәрі қазір біздің кәсіби күн тәртібіміздің негізгі бөлігіне айналды. Ал дәл осы тақырыптарды бір алаңда талқылау үшін Орталық Азияның түкпір-түкпірінен жиналған 100-ден астам медиа мамандарымен жүздесу – ерекше тәжірибе.
Мен форумға қатысушы ретінде атмосфераның қаншалықты қарқынды әрі мазмұнды болғанын бірден сезілді. Спикерлердің дайындығы жоғары, талқылаулар шынайы, ал воркшоптар – өте практикалық әрі пайдалы.
ЕО мен Орталық Азия арасындағы диалогтың жаңа деңгейге көтерілгендей. Форумның ашылуында Қазақстандағы ЕО Елшісі Алешка Симкич айтқан сөздер залда отырған әр журналистке тікелей арналғандай естілді. Ол цифрлық трансформацияның адамға бағытталуы керектігін, ЖИ-ді этикалық қолданудың маңызын ерекше атап өтті. Бұл – біздің ақпараттық кеңістіктің тұрақтылығы үшін негізгі қағидаттар.
Ал ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Эдуардс Стипрайстың үндеуі медиа жұмысының құндылығын тағы бір еске салды. «Ақпараттандырылған қауымдастық — бейбіт әрі дамыған қоғамның негізі» деген сөздері бүгінгі күннің ащы шындығы мен басты қажеттілігін дөп басады.

Практикалық воркшоптар тек ғылыми теория емес, тікелей қолданатын білім болатыны сөзсіз. Бағдарламаның ең әсерлі бөлігі шақырырылған қонақтардың тарапынан берілген ақпарат еді. Әр қатысушысы қойылған сұрақтарға өзінше жауап берсе де барлығының айтар ойы мен ұстанымы ұқсас екенің аңғардық. Себебі, заманның қазіргі талаптарына сай қызмет етіп келеміз. Нәтижелер мен талаптар ортақ. Барлығына қатысып үлгеру қиын, бірақ әрқайсысы қазіргі медиа кеңістікте аса қажет дағдыларды үйретті.
1. Дипфейктердің қаупі және оларды тану тәсілдері
Мария Павелецтің сессиясы мен үшін форумдағы ең пайдалы тренингтердің бірі. Синтетикалық медианың жылдам дамып жатқаны сонша, тіпті кәсіби журналистер көрген дүниесіне күмәндануға тиіс. Ол көрсетті мысалдар шынымен шошытты, бірақ бірге берілген құралдар мен верификация әдістері сенімді арттырды.
2. ЖИ-манипуляциялары және оларды анықтау
«Pravda»-ның президенті Якуб Слиж қазіргі ЖИ технологияларының қандай тәсілдер арқылы жалған ақпаратты күшейтетінін нақты көрсетті. Ең құндысы — бізге бірден қолдануға болатын құралдар мен алгоритмдер берді. Бұл сессиядан кейін ЖИ қалағаныңды жасап бере алады деген түсініктен гөрі, оған қарсы тұра алатын нақты әдістер бар екеніне көз жеткіздік.
3. Біржақтылықпен жұмыс және журналистің тұрақтылығы
Александра Вронаның сессиясы этика мен кәсіби мәдениетке қайта оралуға көмектесті. Қазіргі ақпарат тасқынында бейтарап болу – ең күрделі міндеттердің бірі. Ол редакциялық процестердегі әлсіз тұстарды анықтаудың қарапайым, бірақ бұрын ойламаған тәсілдерін көрсетті.
4. Ақпараттық қауіпсіздік негіздері
Артём Тарасовтың практикалық тренингі медиа мамандары үшін нағыз “must-have”. Пароль басқару, құрылғыларды қорғау, фишингті тану – бәрі қарапайым көрінгенімен, қауіпті жағдайлардың 80% дәл осы «қарапайымның» сақталмауынан туатынын еске салды.

Форумның кеңейтілген геосаяси мәні қуантты. Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта мырзаның жолдаған лебізі бұл форумның маңыздылығын арттыра түсті. Бұл тек кәсіби басқосу емес, Орталық Азия мен ЕО арасындағы стратегиялық диалогтың бөлігі екені айқын сезілді.
Әр қатысушы форумнан шығып, медиа саласында жұмыс істеу бұрынғыдан да жауапты, бірақ сонымен бірге шабыттандыратын іс екенін тағы бір түсінді. ЖИ дәуірінде шынайылық үшін күрес күшейе түсті, және дәл осындай алаңдар бізге құрал, білім және серіктестік береді.
ЕО-ның осы бағыттағы бастамалары, Орталық Азиядағы медиа мамандарын қолдауы және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуы — аймақтық ақпараттық қауіпсіздіктің тұрақтылығы үшін аса маңызды.
Форум өңір журналистикасын жаңа идеялармен байытып, кәсіби бірліктің маңызын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Ғазиза Ұзақ
Астана қаласы


