Көкжөтел ең жұқпалы аурулардың бірі

Көкжөтел – бұл «bordetella pertussis» бактериясы тудыратын, ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы ауру.
Жетісу облысында 2025 жылдың басынан көкжөтелдің 13 жағдайы тіркелді, естеріңізге сала кетейік, елімізде, облыс бойынша да 2024 жылы көкжөтел жұқпасының бұрқетпесі орын алып, облыста 2024 жылы көкжөтелдің 177 жағдайы тіркелді. Cырқаттанғандардың 90% бұрын көкжөтелге қарсы бірде-бір екпе алмаған.
Көкжөтел ең жұқпалы аурулардың бірі. Тұмауға қарағанда 10 есе жұқпалы деген деректер бар. Науқаспен байланыста болған кезде сезімтал адамдарда ауру 90-100% жағдайда дамиды. Көбінесе мектеп жасына дейінгі балалар жиі ауырады.
Инкубациялық кезеңі 2 күннен 3 аптаға дейін (жиі 7-10 күн). Науқастар 1-25-ші күнге дейін қауіпті – жұқпалы.
Науқаста мұрыннан су ағу, түшкіру, жалпы әлсіздік, тәбеттің болмауы және жөтелге қарсы дәрілік заттарды қолданғаннан азаймайтын жеңіл жөтел пайда болады. Бұл кезең суық тию сияқты 1-2 аптаға созылады.
Біртіндеп, 3-аптада жөтел күшейеді, әсіресе түнгі уақытта. Токсин тыныс алу жолдарындағы кірпікшелі эпителейді зақымдайды, қабынуын тудырады, бұл шырыштың жиналуына және одан тазарту үшін ұстамалы жөтелге әкеледі, жөтел рефлексін күшейеді. Жөтел ұстамасы тәулігіне 10-15 рет болуы мүмкін. Халық арасында 100 күндік ауру деп те атайды, себебі аурудың ұзақтығы 2-3 айға дейін созылады.
Асқынулары: пневмония, бронхит, плеврит, синусит, отит, мұрыннан қан кету;конвульсия, құрысу, бас миы зақымдалуы, энцефалопатия, дамудың тежелуі, тыныс алуды тоқтатуы.
Ең осал топтар:
– 6-12 айға дейінгі нәрестелер мен балалар: оларда әлі иммунитет пен жөтел рефлексі дамымаған, бұл тұншығу, гипоксия, ауыр неврологиялық асқынуларға және тыныс алудың тоқтауына (апноэ) әкеледі;
– вакцинациясыз кез-келген адам ауруға шалдығуы мүмкін. Сондықтан арнайы иммунитет қалыптастыруды ерте бастау қажет.
Вакцинация жоспарлы түрде Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес:
2 айда→ 3 ай → 4 ай→ 18 айда→ 6 жаста жүргізіледі.
ҚР көкжөтелге қарсы құрамдастырылған вакцина қолданылады, ол көкжөтелмен қатар дифтерия, сіреспе, полиомиелит, В типті гемофильді жұқпа, ВГВ-ке қарсы «ГЕКСА» вакцина 2, 4 айлық балаларға, «Пента» вакцина (құрамында тек ВГВ қарсы компонеті жоқ) 3, 18 айлық балаларға және 6 жастағы балаларға АбКДС (көкжөтел, дифтерия, сіреспе) вакцинасы енгізіледі.
Асхат Чарапиев
Жетісу облысы СЭБД басшысы



