«Ұрпақтар үндестігі» сахнада танымал музыканттар мен жарқын жастардың басын қосады

«Астана Опера» көрермендердің назарына «Ұрпақтар үндестігі» бірегей концертін ұсынады. Бұл музыкадағы шеберлік пен орындаушылық дәстүрлердің ұрпақтан ұрпаққа берілуінің айқын көрінісі болмақ. 21 қаңтарда өтетін кеш К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында тәжірибелі майталмандар мен жас дарындардың басын қосады.
Жоба бастамашысы – «Астана Опера» оркестрінің солист-концертмейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айсұлу Байкенова. Скрипкашының айтуынша, «Ұрпақтар үндестігінің» басты мақсаты – музыканттар буынының арасында жанды көпір жасау, осылайша ұзақ жылғы тәжірибе жас дарындардың қуаты мен батылдығын қалай сіңіретінін көрсету. Сондай-ақ ол театр сахнасындағы бұл өнер көрсетуді барлық қатысушы зор шығармашылық толғаныспен асыға күтіп отырғанын атап өтті.
– Кәсіби музыканттар мен жас орындаушылардың бірлескен концертін өткізу ерекше назар аударуға лайық екені сөзсіз. Бағдарламада ұрпақтар сабақтастығы қағидаты жүзеге асырылған, бұл өнердің дамуы үшін аса маңызды. Әдетте, шеберлердің жеке өнер көрсетулері және шығармашылық жолын енді бастап келе жатқан дарындарға арналған жекелеген іс-шаралар бөлек өтеді. Оларды бір сахнада, әсіресе оркестрдің сүйемелдеуімен біріктіру студенттер мен оқушылар үшін маңызды оқиғаға айналады әрі келешекте олардың шығармашылық өсуіне үлкен серпін береді, – дейді Айсұлу Байкенова.
Жоба авторымен бірге оның әріптестері, «Астана Опера» әртістері – опера солисі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, скрипкашы Эльмира Жармұхамедова, виолончельші Курванжан Ахатов, фаготшылар Әсет Нелдібаев, Шернияз Назаров, гобойшы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамиля Махпирова, арфашы Любовь Ткаченко өнер көрсетеді. Бұл кеште сахнаға Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдері – білім алушылар, студенттер мен олардың тәлімгерлері, оның ішінде вокалист Айгүл Азатова, скрипкашылар Дания Әбілханова, Елдана Көпбай, Далида Ибрагим, виолончельші Диаржан Ахатов, гобойшы Жәңгір Қосымбаев, флейташы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жібек Сапарғалиева, арфашылар Аружан Советова, Назия Манабаева шығады. «Астана Опера» камералық оркестрін театр дирижері, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин басқарады.
Кеш бағдарламасы мазмұнды әрі сан алуан болады деп күтілуде. Жас әртістер өздерін түрлі стильдер мен жанрларда көрсете алуы үшін шығармаларды іріктеу қарама-қайшылық пен диалог қағидасына негізделді, ол түрлі дәуірдегі шетелдік композиторлардың ұлы классикалық жауһарларын қазақстандық музыка қазыналарымен біріктірді. – Сонымен, Дания Әбілханованың орындауында виртуоз әрі техникалық жағынан күрделі шығарма – Ғазиза Жұбанованың Оркестр мен скрипкаға арналған концертінің үшінші бөлімі ұсынылады. Көрермендерді қызықты дуэттер де күтеді. Мәселен, Эльмира Жармұхамедова мен Шернияз Назаровтың орындауында Никколо Паганинидің таңғаларлықтай әдемі Фагот пен скрипкаға арналған №2 дуэті шырқалады. Сонымен қатар концертке ерекше әсемдікті қосу үшін екі арфашы мен екі виолончельшінің дуэттегі өнер көрсетулері жоспарланған, – деп пікірімен бөлісті Айсұлу Байкенова.
Осынау кеште тыңдармандарға И.С.Бахтың Оркестр мен екі скрипкаға арналған концертінің бірінші бөлімі, ре минор, А.Вивальдидің Оркестр мен екі гобойға арналған концерті, ре минор, Дж.Россинидің Екі виолончельге арналған дуэті, ре мажор, И.Б.Ванхальдің Оркестр мен екі фаготқа арналған концерті, 3-бөлім (Аллегро), Ж.Массненің «Таис» операсынан «Ойтолғам», П.Чайковскийдің «Жыл мезгілдері» топтамасынан «Үш ат жеккен арбада», В.Азарашвилидің Ноктюрн, Ж-Э.Фиокконың Аллегро туындылары, А.Зацепин мен Я.Зискиндтің «Көктем вальсі» ұсынылады.



