Елордада қысқы романстар кеші өтеді

«Астана Операда» романстың нәзік әуендерінің сүйемелдеуімен жайлы қысқы кештің ғажайып атмосферасы орын алады, өйткені Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасындағы «Камин жанындағы кеш» концерті «Романс сиқыры» танымал топтамасын жалғастырады. 25 қаңтарда театрдың жарқын солистері мен шақырылған мейман – әйгілі опера әншісі Павел Черных тыңдармандардың жүрегін жылытады.

Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Павел Черных – көпшілік мойындаған камералық жанр шебері. Оның романс кештеріндегі өнер көрсетулері әрдайым елордалық көрермендердің жүрегінен орын алады. Ауқымды репертуарға ие бола отырып, ол Ресейдің Үлкен театрының солисі ретіндегі мансабын белсенді гастрольдік қызметпен және жетекші дирижерлермен арадағы әріптестікпен керемет ұштастырды. Бүгінде әртіс концерттік бағдарламалармен тұрақты түрде өнер көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Жеке ән айту кафедрасының оқытушысы ретінде жас буынмен өзінің мол тәжірибесімен бөлісуде.

Павел Черных Қазақстандағы жұмысынан алған әсерімен бөлісіп, алдағы концерттен нені күтетіні туралы айтып берді.

– Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына 2014 жылы алғаш рет шыққан сәтімнен бастап мен мұнда бірнеше мәрте оралған едім. Бұл менің өмірімде көрген үздік камералық залдардың бірі деп сеніммен айта аламын. «Астана Операда» керемет хор мен оркестрден бастап дирижерлер мен әртістердің жұмысына дейін барлығы таңданыс туғызады және ең жоғары деңгейге сай келеді. Мұнда өнер көрсету – мен үшін әрдайым мереке, – дейді вокалист. – Астана мен Алматыда Қазақстанның опера мәдениетін бақылай отырып, оның тұрақты дамып келе жатқанын байқаймын. Бұл елдің музыкалық өнері бір орында тұрған жоқ, ол үздіксіз жетіліп, шынайы құрмет сезімін оятуда.

Павел Черных вокалдық лирика жайлы сөз қозғай отырып, осынау өнердің ерекше мазмұнын атап өтті.

– Орындаушы үшін романс жанры – бұл ең әуелі тыңдарманмен арадағы асқан шынайылық пен сенімді диалог. Ауқымды опералық материалмен салыстырғанда камералық-вокалдық бағыт сөз зергері болуды және адам жанының нәзік нюанстарын жеткізуді талап етеді. Бұл жанрда нағыз шеберлікке қол жеткізу үшін әртіске вокалдық техника ғана емес, сондай-ақ өмірлік тәжірибе, зеректік пен тұла бойымен сезіне алатын қабілет керек. Мен әр туындыға өзімнің хикаямды қосуға, осылайша әрбір өнер көрсетуді терең жеке сырласуға айналдыруға тырысамын, – деп қорытындылады әртіс.

Павел Черныхпен бірге бағдарламаға театрдың опера труппасының солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская, Әсем Сембина, Елена Ганжа, Лейла Аламанова, Артур Ғабдиев, Талғат Аллабиринов, Сұлтан Бақытжан, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова мен оркестр музыканттары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері виолончельші Дәулет Шәкіров, скрипкашы Ілияс Жидебай және тағы басқалары қатысады. Бұдан бөлек, шақырылған әртістер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жібек Сапарғалиева мен гитарашы Жәнібек Сапаров сахнаға шығады. Фортепиано партиясы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембированың орындауында шырқалады.

Концерттің басталуы 17:00-де.