«Астана Опера» дирижері Руслан Баймурзин елордалықтарды «Музыкалық контраст» концертіне шақырады

11 ақпанда «Астана Операның» К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Музыкалық контраст» концерті өтеді. Жоба авторы – театр дирижері, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі камералық оркестр әртістері мен шақырылған музыканттардың орындауында көрермендердің назарына өткен ғасыр классиктері мен қазақстандық авторлардың туындылары ұсынылады.

Бұл «Музыкалық контраст» концертімен аттас топтама аясындағы екінші өнер көрсету болмақ. Маэстро Руслан Баймурзиннің айтуынша, концерт атауына сай бағдарламада түрлі мәнердегі композиторлардың шығармалары қамтылған.

– Бұл жобаның негізгі мақсаты – XX–XXI ғасырлардағы авторлардың туындыларын дәріптеу және оларды тыңдармандарға таныстыру. Өкінішке қарай, олар елордада жиі орындала бермейді. Бұдан бөлек, осы жоба аясында біздің оркестрде еңбек етіп жүрген дарынды музыканттарды концертімізге қатысуға шақырғым келеді. Олар көптеген беделді халықаралық байқауларда лауреат атанған кәсіби шеберлер, – деп атап өтті дирижер.

Осынау қысқы кеште К.Дебюссидің Кларнет пен оркестрге арналған рапсодиясы мен Т.Қажығалиевтің Скрипка, флейта және фортепианоға арналған концерті елордалық театрдың Камералық залы сахнасында алғаш рет шырқалатынын атап өтуіміз керек. К.Дебюсси, С.Прокофьев пен Т.Қажығалиев әр жылдары өмір сүргенімен, олардың барлығын ХХ ғасыр байланыстырады. Әрқайсысы осы дәуірдің музыкалық жаңашылдығы мен көркемдік ізденістерін өз шығармаларында айқын көрсете білді.

– Француз композиторы К.Дебюсси – екі жүзжылдықтың куәгері, ол XIX және ХХ ғасырлар аралығында өмір сүрген, алайда ол біздің бағдарламамызға енген Кларнет пен оркестрге арналған рапсодиясын өткен ғасырда жазған. Бұл туынды К.Дебюсси қазылық еткен  Париж консерваториясындағы кларнетшілер байқауы үшін арнайы жазылған еді. Содан бері ол кларнетке арналған репертуардан маңызды орын алады, – деп пікірін қосты Руслан Баймурзин. – Сондай-ақ қазақстандық танымал композитор Т.Қажығалиевтің Скрипка, флейта және фортепианоға арналған концерті автор шығармашылығындағы маңызды туындылардың бірі саналады. Бұл концерт отандық камералық және симфониялық ұжымдардың репертуарына енеді және түрлі жылдардағы музыкалық бағдарламаларда орындалды. Ал алдағы өнер көрсетуді лайықты түрде осы аталған екі туындының Камералық зал сахнасындағы премьерасы деп айтуға болады.

Сонымен қатар тыңдармандар С.Прокофьевтің №1 «Классикалық» симфониясын да естуге мүмкіндік алады. Концертке театрдың камералық оркестрімен қатар, флейташы Балжан Сапарова, кларнетші Алмаз Тоқпанов, скрипкашы Эльмира Жармұхамедова қатысады. Фортепиано партиясын Саида Үсеналиева орындайды.

– Жақында қатысушылар құрамын тағы бір жарқын солистпен толықтырдық. Ол – жас та болса, өте дарынды скрипкашы Амина Ахметжанова. Оның орындауында К.Сен-Санстың Интродукция және рондо-каприччиозо виртуоздық пьесасы ұсынылады. Бұл екі ғасыр бұрын жазылған шығарма болғанымен, К.Сен-Санс әріптесі К.Дебюссимен замандас болып келеді, сол себепті бағдарламаға осы шығарманы да енгізуді ұйғардық. Тыңдармандар өзектілігін жоғалтпаған туындылардың ұлылығынан, музыканттардың шеберлігі мен театрдың керемет атмосферасынан ұмытылмас әсер алады деген үміттеміз, – деп қорытындылады Р.Баймурзин.

Концерттің басталуы 19.00-де.