Алматыдағы үнді рухы: Республика күні – тарих пен болашақты тоғыстырған кеш

Алматы қаласында Үндістан Республикасының 77-ші Республика күніне арналған салтанатты қабылдау өтті. Үндістан Елшілігінің Алматы қаласындағы Өкілдігі ұйымдастырған бұл ресми шара 200-ден астам мәртебелі қонақты жинады. Кеш Үндістанның ұлттық мерекесін атап өтумен қатар, Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық пен өзара құрметке негізделген қарым-қатынастың жарқын көрінісіне айналды.
Астанада Үндістан Республикасының 77-ші Республика күні салтанатты түрде аталып өтті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан басты қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігі басшысы, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Жәнібек Әбдрашов мырза қатысты. Сондай-ақ іс-шараға Институт сухопутных войск өкілі полковник Жәнібек Сарғазин, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KazISS) өкілі Асель Назарбетова, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Үндістан қауымдастығының мүшелері мен осы елдің қазақстандық достары жиналды.

Құттықтау сөзінде Жәнібек Әбдрашов мырза қабылдаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қабылдаушы тарапқа алғыс білдірді. Ол Республика күні мерекесінің маңыздылығына тоқталып, қонақтарға көрсетілген жылы ықылас пен қонақжайлылықты жоғары бағалады. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, халықтар арасындағы достықты нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.
Үндістан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Сайлас Тангал:
“Бұл мереке – демократиялық құндылықтарға, еркіндік пен дамуға негізделген Үндістанның тарихи жолының айқын белгісі. Үндістан мен Қазақстан арасындағы достық пен өзара құрметке негізделген қарым-қатынастардың тамыры тереңде жатыр. Бүгінде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік түрлі салада табысты дамып, халықтарымызды одан әрі жақындастырып келеді”

Кештің мәдени бөлімі ерекше әсер қалдырды. Астанадағы Swami Vivekananda мәдени орталығының директоры мен әртістері дайындаған «Ванде Матарам» атты көркем бағдарлама көрермендерге үнді мәдениетінің рухын, ұлттық әуен мен сахналық өнердің әсемдігін сезіндірді.
Салтанатты кеш барысында ұйымдастырылған лотерея да қонақтардың көңілін көтерді. Жүлделерге Air Astana, Indigo Airlines, Satguru Travels, Spice Mantra, Tandoor, Silver Spoon, Riwayat, Pradnya Yoga Centre, Almaty Ayurveda Centre, Kiran Medical Yoga Centre, Leela International (Алматы) және Daawat мейрамханасы демеушілік жасады.
Алматыда өткен бұл қабылдау Үндістан Республикасының күнін атап өтудің ғана емес, екі ел арасындағы достықты, мәдени ықпалдастық пен өзара сыйластықты айшықтаған мазмұнды әрі жылы жүздесуге толы кеш ретінде есте қалды.



