Ербол Хамитов пара шаңғы жарысынан Әлем кубогында тағы бір медаль еншіледі

Польшаның Якушице қаласында тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында өтіп жатқан пара шаңғы жарысынан Әлем кубогының кезеңінде қазақстандық спортшы Ербол Хамитов (LW12) 6 км қашықтықты 18 минут 24 секундта бағындырып, күміс жүлдеге ие болды.
Аталған дисциплинада алтын жүлдені италиялық спортшы Джузеппе Ромель (18:02) жеңіп алса, қола жүлде украиналық Павел Бальге (18:27) бұйырды.
Бұл – Ербол Хамитовтың пара шаңғы жарысынан Әлем кубогындағы екінші күміс жүлдесі. Бұған дейін ол 1 км спринттік жарыста да күміс жүлдегер атанған болатын.
Айта кетейік, пара шаңғы жарысынан Әлем кубогы кезеңі 28 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтуде. Дүбірлі додаға әлемнің 25 елінен 300-ге жуық спортшы қатысуда.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын Александр Герлиц (LW6), Сергей Усольцев (LW12), Нурлан Алимов (LW6), Юрий Березин (LW12), Владислав Кобаль (LW8), Роман Курбанов (NS3), Анна Грачова (NS3) және Денис Зинов (LW3) қорғап жатыр. Алдағы күндері спортшылар 10 км классикалық және 10 км жаппай старт жарыстарында бақ сынайды.
Аталған жарыс Милан–Кортин–2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындарына жолдама беретін рейтингтік жарыстар қатарына кіреді.



