IATA 2025 жылдағы жаһандық авиация нәтижелерін ұсынды  

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) 2025 жылға арналған статистиканы жариялап, жолаушылар және жүк әуе тасымалдарының тұрақты өсімін растады.

Жолаушылар тасымалы:

  • 2025 жылы жалпы жолаушылар сұранысы өткен жылмен салыстырғанда 5,3% өсті, ал өткізу сыйымдылығы 5,2%-ға артты. Орташа жылдық жүктеме коэффициенті 83,6%-ға жетіп, жылдық тасымалдар тарихындағы рекордты көрсеткішке айналды.
  • Халықаралық жолаушылар ағыны неғұрлым жоғары өсім көрсетті: сұраныс 7,1%-ға, сыйымдылық 6,8%-ға артты. Халықаралық бағыттардағы жүктеме коэффициенті 83,5% болып, рекордтық деңгейге жетті.
  • Ішкі тасымалдар неғұрлым баяу өсіп, 2,4%-ды құрады, ал жүктеме коэффициенті 83,7% деңгейінде қалыптасты.
  • Азия–Тынық мұхиты өңірі жолаушылар тасымалындағы ең жоғары өсім мен жүктеме деңгейін көрсетті. Солтүстік Америка ең әлсіз динамиканы байқатты, ал Латын Америкасында жүктеме коэффициентінің ең айқын төмендеуі тіркелді.

 IATA бас директоры Уилли Уолш:

«2025 жылы жолаушылар сұранысының өсуі авиация саласының тарихи тұрғыдан қалыпты әрі орнықты даму қарқынына қайта оралғанын көрсетті. Сонымен қатар рекордтық жүктеме деңгейлері өткізу сыйымдылығы тапшылығының бүгінгі таңда сала үшін негізгі сын-қатер болып отырғанын айқын аңғартады»

Жүк тасымалы:

  • 2025 жылы жүк әуе тасымалдарына деген жаһандық сұраныс 3,4%-ға өсті, ал өткізу сыйымдылығы 3,7%-ға артты. Халықаралық жүк тасымалдары 4,2% өсім көрсетті.
  • Жүк тасымалдарының табыстылығы жылдық есепте 1,5%-ға төмендеді, бұл соңғы үш жылдағы ең аз төмендеу болып саналады. Сонымен қатар табыстылық деңгейі әлі де 2019 жылмен салыстырғанда 37,2% жоғары күйінде қалды.
  • Азия–Тынық мұхиты өңірі жүк сұранысының өсуі бойынша көш бастады (+8,4%).
  • 2025 жылы жүк ағындарының Азия – Солтүстік Америка бағытынан Азия – Еуропа бағытына қарай ауысуы байқалды. Сонымен қатар Азия ішіндегі және Таяу Шығыс – Азия бағытындағы тасымалдарда да тұрақты өсім тіркелді.

IATA бас директоры Уилли Уолш:

«2025 жылы жүк әуе тасымалдары жаһандық жеткізу тізбектерін қолдаудағы өзінің шешуші рөлін тағы да дәлелдеді. Сауда және геосаяси белгісіздік жағдайында да сала өзгеріп жатқан сұраныс ағындарына жедел бейімделе алды»