«Астана Опера» Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған концерттер легін бастайды

Елордалық «Астана Опера» аңызға айналған баритон – КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына орай оның рухына тағзым етіп, құрмет көрсетеді.
18 ақпанда Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Өнер тарландары» топтамасы аясында концерттер легі басталады. Алғашқы кеш «Ұлы дала дауысы» болмақ: мазмұнды бағдарламада опера труппасының солистері мен шақырылған әртістер Ермек Серкебаевтың опералық, камералық және ән репертуарынан туындыларды орындайды.
Биыл ЮНЕСКО Ермек Серкебаевтың 100 жылдық мерейтойын өзінің 2026 жылға арналған атаулы даталар күнтізбесіне енгізді. Бұл ретте «Астана Опера» осынау мерейлі дата қарсаңында концерттер легін бастаған елордадағы алғашқы театрлардың бірі болуда. «Ұлы дала дауысы» музыкалық кеші осы жоба аясындағы алғашқы өнер көрсету болмақ.
Осынау кеште фортепиано партиясын орындайтын «Астана Операның» музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова Ермек Серкебаев тұлғасының еліміздің музыка әлеміндегі маңызы туралы айтып берді.
– Ермек Бекмұхамедұлы – қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ең алдымен, Ермек Серкебаев қазақтың кәсіби вокалдық өнерін әлемдік деңгейге көтерген әнші ретінде бағаланады. Ол – опера және камералық вокал жанрында ерекше шеберлігімен танылған лирикалық баритон дауыс иесі. Әсіресе оның орындауында қазақ халық әндері мен қазақстандық композиторлардың шығармалары терең мазмұнға, биік көркемдік деңгейге ие болды. Аңызға айналған әншінің 100 жылдығына театрымызда тұтас концерттер легінің арналу себебі – біз ұлы әртістің барлық қырын ашқымыз келеді, – деп атап өтті Раушан Бескембирова. Сондай-ақ ол сонау 1990 жылдары Ермек Серкебаев Көкшетауға гастрольмен барған кезінде оның шығармашылық концертін фортепианода сүйемелдеген сәтін жылы еске алды.

– Ол шырқаған классикалық туындыларды сүйемелдедім, ал халық әні «Япурайды» орындаған кезде ол өзін-өзі фортепианода суырып салмалық қабілетін паш ете отырып сүйемелдеді. Сол кезде оның аспапты қалай шебер меңгергеніне және суырыпсалмалық дарынына тәнті болдым. Консерваторияны енді ғана бітіріп келген мен үшін бұл таңғаларлық жайт еді. Атақты Ермек Серкебаевпен бір концертте өнер көрсету, оның шығармашылығына өз үлесімді қосу мен үшін зор мақтаныш болды.
Ермек Серкебаев қазақ опера өнерінің дамуына елеулі үлес қосып, ұлттық опера репертуарының қалыптасуына ықпал етті. Оның сахнадағы мәдениеті, актерлік шеберлігі өзінен кейінгі әншілер буынына үлгі болды. Оның орындауындағы әндерді жастайынан бойына сіңіріп, шығармашылығына еліктеп өскен ізбасарларының бірі – Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов.
– Халқымыздың опералық классикалық ән өнерінде мен бірінші орынға Ермек Серкебаевты қоямын, – дейді Шахимардан Әбілов. – Ол қазақтың операсын, оның үнінің әсемдігін, пәлсапалық мазмұнын әлемдік деңгейге шығарды. Сол кезде опера өнеріне қатысы бар жастардың барлығы Ермек Серкебаев сынды жарық жұлдыз болуды армандайтын. Ол КСРО мен Еуропаның көптеген театрында өнер көрсетті. 1981 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға жас мұғалім ретінде жұмысқа қабылданып, осы оқу ордасында онымен бірге жұмыс істедім. Екеуіміз көп әңгімелесетінбіз, ол менімен өзінің тәжірибесімен бөлісетін. 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғанда оның «Шахимардан, сен бақытты жансың. Біз егемен ел болдық!» деп айтқаны әлі есімде. Қазақтың халық әндерін әлемдік деңгейде таныстыру оның арманы еді. Сондықтан біз алдағы концертте Ермек Серкебаевтың репертуарындағы халық әндерін, сал-серілердің әндерін, сондай-ақ қазақстандық композиторлардың оның дауысына арнап жазған романстарын орындаймыз, – деп түйіндеді Шахимардан Әбілов.
Концерт барысында туындылар шырқалып қана қоймайды, Ермек Серкебаевтың бірегей тұлғасы мен шығармашылық жолы туралы көрермендермен мағыналы әңгіме өрбиді. Шақырылған әртістер – Шахимардан Әбілов және Фируза Рахметовамен бірге сахнаға «Астана Опера» опера труппасының жарқын солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Талғат Мұсабаев, Жан Тапин, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, сондай-ақ жуырда Чилидегі (Оңтүстік Америка) гастрольден оралған Саян Исин және тағы басқа әртістер шығады. Олардың орындауында «Екі жирен», «Шәпибай-ау», «Қызыл бидай», «Тілеу-Қабақ», «Алқоңыр», «Япурай», «Бір бидай арпа» сынды қазақ халық әндері көрермендердің назарына ұсынылады.
Сонымен қатар Біржан салдың «Бурылтай», Ақан серінің «Сырымбет», Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері бағдарламаның сәнін келтіреді. Бұдан бөлек тыңдармандар басқа да отандық және шетелдік композиторлардың әндері мен романстарымен рақаттануға мүмкіндік алады. Ал «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілхановтың орындауындағы М.Төлебаевтың «Поэмасы» концертке ерекше әсемдік үстейді.
Концерттің басталуы 19.00-де.



