Алматыда World Cancer Day аясында әлеуметтік-қайырымдылық іс-шара өтті

Алматы қаласында Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне (World Cancer Day) орай әлеуметтік-қайырымдылық кеш ұйымдастырылды. Іс-шараны «Вместе против рака» қоғамдық қоры, Kazakhstan Cancer Society және prohealth.kz медиа платформасы бірлесіп өткізді.

Кеш дәрігерлерді, пациенттерді, бизнес өкілдерін, қоғамдық ұйымдарды, дипломатиялық корпусты және бұқаралық ақпарат құралдарын ортақ идея төңірегіне біріктірді: ерте диагностика адам өмірін сақтайды.

Бағдарламаның басты назарында онкология тақырыбына қатысты қорқыныш пен тыйымнан ада, ашық әрі шынайы диалог болды. Негізгі спикерлердің бірі онколог-дәрігер, «Онколог без халата» кітабының авторы Қуантқан Жабағын. Ол өз сөзінде диагностика мен емдеу жолына қатысты кәсіби әрі жеке тәжірибесімен бөлісіп, күрделі медициналық үдерістерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді. Сондай-ақ онкологиялық аурулар жөніндегі қалыптасқан мифтерді жоққа шығарып, өмірге деген көзқарасты жаңаша пайымдауға шақырды.

Іс-шараның әсерлі символына сүт безі қатерлі ісігінен емделу және сауығу жолынан өтіп жатқан әйелдердің дефилесі айналды. Бұл – күштің, қабылдаудың, қадір-қасиеттің және толыққанды өмір сүруге деген құқықтың манифесі.

Іс-шара аясында әйелдердің портреттері мен онкологиялық диагнозы бар балалардың суреттері қойылған көрме аймағы ұйымдастырылды. Жас қатысушылардың арт-жұмыстары қайырымдылық аукционның бір бөлігіне айналды. Жиналған барлық қаражат ерте диагностиканың инновациялық Ophtascan технологиясын дамыту мен енгізуге бағытталды.

Ophtascan технологиясы жасанды интеллектке негізделген және 95 пайыздан жоғары дәлдікпен бірқатар онкологиялық аурулардың, соның ішінде сүт безі, өкпе, қуық асты безі, жатыр мойны және жатыр обырының даму қаупін анықтауға мүмкіндік береді. Шешім аурудың ерте кезеңдеріне бағытталған, дәл осы кезеңде дер кезінде қойылған диагноз емдеудің тиімділігі мен пациенттердің өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар кеш барысында Berkata компаниясынан онкологиялық тәуекелдерді ерте анықтауға арналған бес генетикалық тест ойнатылды. Бұл тест бір ғана қан талдауы негізінде онкологиялық аурулардың 10 түрлі локализациясы бойынша скрининг жүргізуге мүмкіндік береді. Бір тесттің құны — 500 000 теңге. Алайда әлеуметтік-қайырымдылық кешке қатысқан бес адам тестілеуден тегін өту мүмкіндігіне ие болды.

Кештің кеңістігі баяндамалар, көрме және аукционды бір арнаға тоғыстырып, өзара құрметке, қолдауға және саналы қарым-қатынасқа негізделген ерекше атмосфера қалыптастырды.

«Біздің мақсатымыз — мәселе туралы жай ғана айту емес, нақты өзгерістерге ықпал ететін құралдар жасау. Заманауи диагностиканы дамыту — бұл адамдардың өміріне және денсаулық сақтау жүйесінің болашағына салынған инвестиция», — деді Kazakhstan Cancer Society президенті Дидяра Қайдарова.

Алматыдағы World Cancer Day іс-шарасы әлеуметтік жауапкершілік пен денсаулыққа саналы көзқарас құндылықтарын қолдайтын серіктестердің қолдауымен өтті. Жоба Қарағанды фармацевтикалық кешенінің, Russell Bedford A+ Partners халықаралық аудиторлық компаниясының, «Цесна» брендінің, сондай-ақ Berkata компаниясының қатысуымен жүзеге асырылды.

Кештің ерекше атмосферасын қазақстандық дизайнер Аида Кауменова өз топтамаларының эстетикасы мен сұлулығы арқылы толықтырса, іс-шараның фотозонасының авторы, креативті дизайнер Айрат Надров визуалды шешімдермен үлес қосты. Сондай-ақ «Қазақстан» қонақүйіне алаң ұсынғаны және қонақжайлығы үшін алғыс білдіріледі. Ұйымдастырушылар Azza Gastronom, Kaktus.kz, сондай-ақ Avon, Geltek, Londa, Vivienne Sabo, Lumene және Limba брендтеріне ризашылықтарын білдіреді.