Талдықорғанда Ш.Айтматовтың «Жәмиләсінің» премьерасы сахналанды

Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесінің желісімен дайындалған премьерасы сахналанды. Көптен күткен премьера сәтті шықты: зал лық толы, ал қойылымның екі күні де аншлагпен өтті. Көрермендердің шынайы эмоциясы мен артистердің шеберлігі кештің көркін қыздыра түсті.
Қойылымның режиссері, «Құрмет» орденінің иегері Мұқанғали Томанов театрдың кәсіби ұжымымен бірлесе отырып, бір айдан астам уақыт бойы қызу дайындық жүргізген. Оның айтуынша, Талдықорған театрының актерлық құрамы өзінің қарымдылығы мен шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қойылымда екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қырғыз ауылының өмірін баяндалады. Шығарма жас суретші Сейіттің естелігі арқылы өрбіп, оның жеңгесі Жәмилә мен соғыстан жараланып оралған Данияр арасындағы таза да шынайы сезімнің қалыптасуын бейнелейді.
Көптеген тілдерге аударылған шығармада тек соғыс зардабы немесе әйел тағдыры жайлы емес, одан терең, үлкен махаббат оқиғасы баяндалады. «Жәмилә» драмасы – тек махаббат туралы хикая емес, еркіндік пен жүрек қалауының жеңісін паш ететін, адам жанын тазалыққа жетелейтін биік өнер туындысы.
Тұсаукесер соңында көрермен қауым ұзақ уақыт бойы тіре тұрып қол шапалақтап, актерлар мен қойылым тобына деген ерекше ілтипатын білдірді. Кештің салтанатты сәтінде Жетісу облысы әкімінің ықылас гүлі табысталып, өнерпаздарға деген құрмет көрсетілді.
Фотограф: Қанат Өмірәлінов.




