«Астана Опера» скрипкашылары алғаш рет Изаидың сонаталар топтамасын ұсынады

«Астана Опера» көпшілік сүйіп тыңдайтын «Музыкалық альянс» топтамасынан «Эжен Изаи: әуенмен өрілген алты портрет» жаңа бағдарламасын ұсынады. 26 ақпанда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында театрдың майталман скрипкашылары мен шақырылған орындаушылар скрипка музыкасының реформаторы Эжен Изаидың мұрасына бет бұрып, аспаптың барлық мүмкіндігін паш етеді.

Соло скрипкаға арналған алты сонатадан тұратын ауқымды топтаманың орындалуы кештің айтулы оқиғасы болмақ. Бельгиялық классик техникалық күрделілікті философиялық тереңдікпен біріктіріп, онда өз замандастары – аңызға айналған скрипкашылар Йожеф Сигети, Жак Тибо, Джордже Энеску, Фриц Крейслер, Матьё Крикбом және Мануэль Кироганың әуенмен өрілген бірегей портреттерін жасады.

Кемеңгер композитор, скрипкашы, дирижер әрі ұстаз Эжен Изаи сонаталарының толық топтамасын орындау – академиялық музыка әлеміндегі сирек әрі маңызды оқиға. Композитор бұл арнауларында өткен кезеңдегі скрипка мектебінің барлық тәжірибесін жинақтай отырып, оны өз заманының жаңашыл тілімен байыта білді. Осынау күрделі партитураларды пайымдау шеберлігін «Астана Опера» скрипкашылары Бағдат Әбілханов, Әнел Шәкірова, Ақмарал Жанғазина, Әсел Жақиянова, Шалқар Желдібай және Аяулы Керейбаева паш етеді.

Театрдың бірінші скрипкасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов аталмыш бағдарлама театрдың скрипкалар тобының орындаушылық әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осылайша, бұл кеште тыңдармандар скрипканың суреттеу құралдарының барлық сан алуандығын бағалап, музыканттардың шығармашылық қырларына куә болады.

– Бір кеште алты сонатаның барлығын орындау – жоғары шеберлік пен мінсіз үйлесімділікті талап ететін жауапты сын. Біз үшін бұл туындыларды виртуозды пьесалар ретінде ғана емес, нәзік психологиялық суреттер ретінде де көрсетудің маңызы зор. Бұл скрипкаға арнап музыка жазудың шарықтау шегі, онда техника терең эмоцияларды көрсету үшін ғана қызмет етеді. Әрбір солистің шығармашылық ерекшелігіне қарамастан, біз өзіміздің скрипкалар тобымыздың орындаушылық мәдениетін бейнелейтін тұтас көріністі жасаймыз. Мұндай материалмен жұмыс істеу ұжымның техникалық әрі  эмоциялық тұрғыда жетілуін тексеретін өзіндік бір емтихан іспетті, ол әртістерді аспаптың жаңа ресурстарын іздеуге итермелейді, – дейді Бағдат Әбілханов.

Бағдарламаға айрықша лирикалық сипат үстейтін келесі бір туынды – Э.Изаидың ең сырлы шығармаларының бірі Скрипка мен фортепианоға арналған «Элегиялық поэмасы». Осы ретте кештің шақырылған қонақтары скрипкашы «Құрмет» орденінің кавалері Еркебұлан Сапарбаев пен пианист Нұрсұлтан Омарғазин өз интерпретацияларын ұсынады.

– Сырлы поэмадан бастап виртуоздық сонаталарға дейін Изаи мәнерінің барлық қырын ашу үшін бір концертте түрлі орындаушылардың басын қосу идеясы кездейсоқ пайда болған жоқ, – деп түсіндірді Бағдат Әбілханов. – Концертке жеті солистті жұмылдыра отырып, біз кезінде автордың өзіне шабыт берген «шеберлер достастығы» идеясын қайта жаңғыртамыз. Сонаталар – оның зияткерлік ізденісінің биік шыңы болса, поэма –романтикалық жан дүниесінің негізі. Әрбір қатысушы сонаталар топтамасы кейіпкерлерінің «портреттеріне» өз қолтаңбасын қосады, ал шақырылған әртістердің өнер көрсетуі жалпы көріністі лирикалық тереңдікпен толықтырады. Мұндай тәсіл тыңдарманның көз алдында Изаидың кемеліне келген толыққанды музыкалық бейнесін жасайды. Аталған бағдарламаға ұлы шебердің бізге қалдырған басты идеялары мен жан сыры арқау болған деп нық сеніммен айта аламыз, – деді Бағдат Әбілханов.

Сондай-ақ танымал скрипкашы «Астана Опера» симфониялық оркестрінің концертмейстері лауазымындағы қызметіне қатысты өз ой-толғамымен бөлісті. Бағдат Әбілхановтың айтуынша, оркестр тұрақты жетілу үстінде және бүгінде театрда мықты скрипкалар тобы қалыптасқан.

– Тобымыздағы әрбір әртіс – жарқын тұлға әрі жоғары деңгейдегі кәсіби маман, сонымен қатар олардың әрқайсысы ансамбльдік орындауда өз орнын таба біледі. Біз ортақ мүдде жолында біртұтас, үйлесімді механизм ретінде жұмыс істейміз. Мұның маңызы зор: бірінші скрипкалар тобы өзара үйлесім тапса, тұтас оркестрдің де деңгейі көтерілетініне  сенімдімін – бұл әлемдік музыкалық ұжымдарда қалыптасқан ортақ қағида. Менің концертмейстер ретіндегі міндетім – барлығымен бірлесе отырып белгіленген жоғары деңгейді сақтау, өзара құрмет атмосферасын қалыптастыру және музыканттардың өздерін жақсы қырынан көрсетуіне көмектесу, – деп атап өтті Бағдат Әбілханов. – Сахна төрінде жеке өнер көрсету – музыкант өмірінің маңызды құраушы бөліктерінің бірі. Сол себепті өнерге нақты пайдасын тигізіп келе жатқан осындай өміршең жобалар пайда болды. Бүгінде біздің идеямыздың сұранысқа ие болғаны сонша, оған барша Қазақстаннан музыканттар және шетелдік оқу орындарының түлектері де қосылуға талпынуда, – деп қорытындылады орындаушы.