«Астана Опера» сахнасында Турандоттың жұмбағы шешіледі

20-21 ақпанда «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына әлемдік опералық репертуардың ең ауқымды әрі әсерлі туындыларының бірі – Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсы ұсынылады.
Бұл біртуар италиялық композитор Джакомо Пуччинидің соңғы операсы. Өзінің басқа туындыларының ішінде автор дәл осы операсын ерекше бағалаған. Либреттоның негізінде ХІІ ғасырдағы әзербайжан поэзиясының классигі Низамидің поэмасы жатыр. Италиялық драматург Карло Гоцци оны шығыс ертегілері басылған ХVIII ғасырдағы еуропалық жинақтардан алған. Шығарма ауқымды симфониялық дыбыстауды, шығыс экзотикасы мен терең психологиялық драманы біріктіреді.
Операның әлемдік премьерасы композитордың өлімінен кейін 1926 жылы 25 сәуірде Миланда өтті. Ал «Астана Опера» сахнасында ол алғаш рет 2018 жылы ұсынылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты қоюшы дирижер Алан Бөрібаевтың және қоюшы режиссер Давиде Ливермордың бірлескен жұмысы нәтижесінде пайда болған қойылым туындының философиялық тереңдігін атап көрсетеді және билік пен қорқыныш, қатыгездік пен мейірімділік, адамды өзгерте алатын шынайы махаббат сынды мәңгілік тақырыптарды қозғайды. Спектакльдің көркемдік безендірілуімен қоюшы суретшілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов айналысты.

Спектакль күндері көрермендердің алдына опера труппасының жарқын солистері шығады. Сонымен Турандоттың партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ пен қазақстандық опера жұлдызы Жұпар Ғабдуллина өнер көрсетеді. Калафтың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев және Саян Исин жүзеге асырады. Лиуды Мәдина Исламова мен Елена Ганжа (дебют) ұсынады, ал Альтоумды Талғат Аллабиринов, Тимурды Саргис Бажбеук-Меликян мен Болат Есімханов таныстырады. Пинг – Расул Жармағамбетов, Ержан Саипов, Панг – Артур Ғабдиев, Понг – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Мандарин – Шыңғыс Расылхан, Дінмұхамед Көшкінбаев. Өнер көрсету күндері театрдың симфониялық оркестрін италиялық маэстро Джузеппе Акуавива басқарады.
Көптен күткен дебюті қарсаңында солист Елена Ганжа сопраноның репертуарындағы ең маңызды партиялардың бірі – «Астана Опера» сахнасындағы Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсындағы күң Лиудың рөліне дайындығы туралы айтып берді.
Ең алдымен әнші рөлдің вокалдық тұрғыда күрделі екенін, мінсіз техниканы талап ететінін атап өтіп, сондай-ақ оның эмоциялық құраушы бөлігі жайлы да сөз қозғады. – Вокалда жақсы кантилена, легато, ұзақ дем болуы жеткіліксіз, бұл жерде партияны тұла бойыңнан өткізіп, кейіпкеріңнің барлық уайымын көрсетуің керек. Бұл оңай шаруа емес, – деп ой толғады әртіс. – Басты қиындық – сахнада шынайы, таза, жауапсыз әрі алды-артын жайпаған махаббатты көрсету.
Әртіс бұл партияны осыдан 4 жыл бұрын дайындаған екен. Алайда ол жыл өткен сайын бейнеге деген көзқарасы өзгеретінін атап өтті. – Кемелдіктің шегі жоқ. Біз өскен сайын дауысымыз да, көзқарасымыз да өзгереді, өмірлік тәжірибеміз молая түседі. Сол кезде сен таныс музыкада жаңа бояуларды көре бастайсың. Сондықтан әрдайым тың нәрсені үйреніп, партияны қайтадан ой елегінен өткізесің, – дейді Елена Ганжа.

Оның айтуынша, осынау ғажайып, аңыз операдағы адамгершілігі мол кейіпкер осы – Лиу. Дайындық эмоциялық бойлау, төзімділікті сынау секілді бірнеше бағыт бойынша жүруде. – Мен кейіпкерімді әр қырынан түсіну, оны тереңірек сезіну және кейбір сәттерді алу үшін YouTube-те түрлі қойылымдарды көп қараймын, – деп пікірімен бөлісті әртіс.
Жуас күңнің мінезі өзіне жақын ба деген сауалға Е.Ганжа: – Мен момын емеспін, әлдеқайда қайсармын, – деп жымия жауап берді. – Дегенмен менің жан дүниемде де бір Лиу жатқан болуы керек. Себебі сүйіктің үшін мұндай қайғылы қадамға бару – әлсіздік емес, бұл үлкен батылдық. Операда бар-жоғы екі әйел партиясы бар. Лирикалық сопрано үшін бұл өте көлемді әрі маңызды партия. Операда дәл осы Лиудың өзін-өзі құрбан етуі Турандотты көзін ашуға және махаббат сезімін түсінуге итермелейді. Өзін-өзі құрбан қылу актісінсіз спектакльдің қорытындысы болмас еді.
Опера жайлы айта отырып, Елена Ганжа «Турандот» көрермендерді ауқымдылығымен, ертегіге ұқсас оқиға желісімен, салтанатты декорацияларымен және әлбетте музыкасымен баурап алатынын атап өтті. – Иә, Лиудың хикаясы мұңды, бірақ опера бақытты аяқталады және ол әрдайым көрермендерді тәнті етеді, – деп қорытындылады ол.
Спектакльдердің басталуы: 20 ақпан 19.00-де және 21 ақпан 17.00-де.



