Астанада Нұрғиса Тілендиев атындағы «Жас сарбаз» студиясының есептік концерті өтті

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Нұрғиса Тілендиев атындағы «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының «Рухы биік ұрпақ – тәуелсіз ел!» атты есептік концерті өтті.

Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін, ардагерлерін және тәрбиеленушілердің ата-аналарын бір арнада біріктіріп, жас буынға әскери-патриоттық тәрбие берудегі маңызды оқиғаға айналды.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов құттықтау сөз сөйлеп, «Жас сарбаз» студиясының көркемдік жетекшісі лейтенант Альмира Асылбековаға «Ел қорғаны» ведомстволық медалін табыс етті.

– Бүгін біз тарихқа, мәдениетке және Отан қорғаушы қызметіне құрметпен қарайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жобалар ел болашағының рухани тірегін қалыптастырады, – деді Арман Әсенов.

Концерттік бағдарламада «Сарыарқа», «Адай» халық күйлері орындалып, хореографиялық және вокалдық нөмірлер көрсетілді. «Туған жер» композициясы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Концертте соңғы шырқалған «Біздің ұран – өркендеу» әнінде қатысушылардың бәрі сахна төріне шығып, көрермен қошемет көрсетті.

Альмира Асылбекованың айтуынша, бүгінде «Жас сарбаз» студиясына 5 пен 14 жас аралығындағы 200-дің үстінде әскери қызметшінің балалары қатысады. Сабақтар тегін өтеді.

–  Біздің мақсатымыз – балалардың талантын ашу, өзіне деген сенімділік пен Отан алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу, – деп атап өтті ол.

Студия тәрбиеленушілеріне балетмейстер Ержан Құдайбергенов, вокалдан педагог Гүлмира Сейітова, домбырадан педагог Бауыржан Жолдыбеков, ал «Шешендік өнер» курсынан Бақытжан Тәжинов сабақ береді. Іс-шара барысында аталған тәлімгерлерге Қорғаныс министрінің атынан алғыс хаттар табысталды.

2025 жылы студия тәрбиеленушілері «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты. Жиынның ашылу салтанатына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан болатын. Одан өзге балалар өңірлік және халықаралық байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атанды.

Есеп беру концерті Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымдарының қолдауымен және тәрбиеленушілердің ата-аналарының қатысуымен ұйымдастырылды.

Демалыс күндері мерзімді қызмет сарбаздарына арналған осындай концерттер Алматы, Абай, Сарыөзек және Гвардейск гарнизондарында да өтті. Мұндай іс-шаралар әскери қызметшілердің басын қосып, ынтымаққа, бір-бірін қолдауға ықпал етеді.

Бағдарламалардың негізгі мақсаты жеке құрамның моральдық рухын көтеріп, жауынгерлердің бойында Отанды сүю, әскери борышқа адал болу және өткен тарихымызға құрметпен қарау сезімдерін қалыптастырады.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі