Алан Бөрібаев Шуманның романтикалық симфониясының сырын ашады

«Астана Операның» бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев 5 наурызда «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында өзінің «Тарих-концерт» авторлық жобасының жаңа тарауын таныстырады. Бұл жолы романтизм дәуірі мен оның ұлы туындыларының бірі – Роберт Шуманның «Рейндік» №3 симфониясы көрермендердің ерекше назарын аударады.
Өткен жылдың қыркүйегіндегі «Тарих-концерт» жобасының сәтті дебютінен әрі маэстро виртуоздық орындауды қызықты әңгімемен керемет ұштастырған алғашқы «Бетховен кешінен» кейін А.Бөрібаев дирижер әрі шебер түсіндірушінің рөлінде қайта өнер көрсетеді. Оның мақсаты – тыңдарманды уақыт қойнауына жетелеп, туындының тарихи мәнмәтінін, композитордың жеке толғаныстары мен оның музыкасының ішкі логикасын ашу, осы арқылы шығарманы жанға жақын әрі түсінікті ету.
Оның жобалары әрдайым мәдени оқиғаға немесе тіпті сирек кездесетін білім алу мүмкіндігіне айналады. Энциклопедиялық білгірлік пен тереңнен талдау жоғары орындаушылық шеберлікпен жарасымды үйлесетін мұндай концерттер әлемде саусақпен санарлық. Алан Бөрібаев осынау музыкалық форматты қазақстандық көрермендерге көп жылдан бері ұсынып келеді. Осынау диалогтың бір бөлшегі болып, ұлы музыканың қалай туатынын және қалай өмір сүретінін түсіну мүмкіндігін жіберіп алу – өзіңді ең эстетикалық сезімдердің бірінен құр қалдырумен тең.
Еске сала кетейік, «Рейндік» симфониясы 1850 жылы жазылған. Ол Шуманның өмірі мен шығармашылығының соңғы кезеңін ашады. Композитордың Дюссельдорфқа көшіп келгеннен кейінгі кезеңінде туындап, Рейн өзені мен Кельн соборынан шабыт алған бес бөлімді көңілді шығарма әлі күнге дейін тыңдармандарды өзінің жігерлі сарынымен таңғалдыруда. Бұл композитордың ең соңғы жазған симфониясы, оның премьерасы 1851 жылы 6 ақпанда өтті.
«Астана Опера» симфониялық оркестрі маэстроның басқаруымен Шуман кемеңгерлігінің барлық қырын: бірінші бөлімдегі алға ұмтылған қуатты ағынды, екінші бөлімдегі лирикалық толғануды және скерцоның мерекелік әрі халықтық сипатын жүзеге асырады. Күш-қуат пен жарыққа толы финал Рейн жағалауына бастайтын осынау музыкалық жолдың шарықтау шегіне айналады.
Концерттің басталуы 19:00-де.



