Айнұр Ильясова  «Шексіз ата-ана» атты әлеуметтік деректі фильм ұсынады

Өмірдегі ең ұлы миссия – ата-ана болу. Бұл тек өмірге жаңа жан әкелу емес, оны махаббатпен, сеніммен және жауапкершілікпен қарсы алу және тәрбиелеу.  «Шексіз ата-ана» жобасы дәл осы ата-ана атанудың қуанышы мен қиындығын, үміті мен шындығын шынайы түрде көрсететін Қазақстандағы тұңғыш туынды.

Ата-ана болу ұлы міндет десек, сол міндет баланы жоспарлаудан басталатыны сөзсіз. Тіпті, бала дүниеге келгеннен кейін де әр әке-шеше алдында талай сұрақ туындауы мүмкін. «Шексіз ата-ана» деректі фильмі жүктіліктен бастап, баланың мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі кезеңдегі түрлі мәселелерді қамтиды. Мысалы, жүктілік кезінде мемлекет тарапынан қандай медициналық көмек қарастырылған, жүкті әйел қандай міндетті тексерістен өту керек, еліміздегі ақылы және ақысыз перзентханалар жүйесі қалай жұмыс істейді, босанудағы әйел құқығы, әрбір әйел жүктілікке қатысты және босанғаннан кейін қандай жәрдемақыдан үмітті, бала тәрбиесіне қатысты қазақы дәстүрлер, босанғаннан кейінгі күтім мен күйзеліс, балабақшаны таңдау және орналастыру мәселесі, жалғызбасты аналарға көмек, баланы мектепке орналастыру сияқты өзекті тақырыптар сөз етіледі.

«Шексіз ата-ана» көрерменді тек ақпаратпен емес, сезіммен жетелейді. Фильмде жүкті әйелдер мен жас аналардың шынайы оқиғалары, олардың үміті мен қорқынышы, босануға дайындық барысы мен алғашқы аналық сезімнің қуанышы көрініс табады. Спикерлер арасында медицина, заң  саласының кәсіби мамандарынан бөлек, өнер өкілдерін де көруге болады.  Мәселен, Камила Саян, блогер әрі тележүргізуші  босанғаннан кейінгі күйзеліс пен аналық тәжірибесі туралы ашық айтады. Ал актриса Гүлнар Сильбаева күні жетпей туған нәрестесінің күтіміне қатысты қиындықтары мен қоғамдағы шешімін таппай тұрған мәселелер жайлы сөз етеді. Сондай-ақ, фильм барысында блогер, жүргізуші Айгерім Үзембаеваның ұлының қырқынан шығару рәсімі көрсетіліп, дәстүрдің тәрбиелік маңызы баяндалады. Фильм қазақ халқының бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлеріне де назар аударады.

Жобаның авторы әрі продюсері Айнұр Ильясова:

«Шексіз ата-ана»  бұл тек деректі жоба емес, өмірдің өзінен алынған сабақ. Ол қоғамға аналық пен әкелік жауапкершіліктің шексіз екенін, әр баланың өмірге келуі  бір ғажайып екенін, маңызды қадам екенін еске салады. Бұл фильм – жүректен шыққан шынайы үн»