Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов музей кешені: 2025 жылғы мазмұнды даму мен рухани серпіліс

Соңғы жылдары елімізде тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен дамытуға айрықша мән беріліп келеді. Кешегі өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде: Музей ісін дамыту – маңызды міндеттердің бірі – деген болатын. Яғни мемлекет басшысы: музей ісін дамыту мен заманауи музей орталықтарын құруды маңызды мақсат ретінде атап өткен.
Өткеннен жеткен асыл қазынаны көздің қарашығындай сақтап, ұмыт қалғанын жаңғыртып, халқымыздың тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді, рухани байлығын, кейінгі ұрпаққа аманаттау – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Ұлт жадының негізі саналатын осы құндылықтарды құрметтеу, қорғау және дәріптеу – бүгінгі күннің талабы ғана емес, болашаққа бағытталған қасиетті парыз.
Бүгінде саны артып, дамып келе жатқан музейлер өз бойына жинаған тарихи құндылықтарымен дараланып, кешегі күннің шындығын айқындап, ертеңгі ұрпаққа мақтаныш пен танымның сарқылмас қайнар көзіне айналып отыр.
Алдына тең келер бірегей жәдігерлері мен бай тарихы бар, көпшілікке кеңінен танылған музейлердің бірі – Алматы қаласында орналасқан С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені. Музей кешені қазақ әдебиетінің алтын қорын танытып қана қоймай, ұлт руханиятын дәріптейтін маңызды орталық ретінде қызмет атқарып келеді.
С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйі жазушының 1965-1973 жылдар аралығында тұрған, яғни өмірінің соңғы сегіз жылын өткізген үйде ұйымдастырылған. Музей 1978 жылдың 21-қарашасынан бастап алғашқы келушілеріне қызмет көрсете бастады. 1991 жылы Ғ. Мүсіреповтің Алматыдағы 1968-1985 жылдарда тұрған үйінде (М.Төлебаев көшесі, 130/49-үй, 25 пәтер) әдеби-мемориалдық музейі құрылды. Қазақстан Орталық музейінің бөлімі ретінде халыққа қызмет көрсете бастаған.
Ал 8 ақпан 1999 ж. №104 Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен С. Мұқановтың музей-үйі мен Ғ.Мүсіреповтің музей-үйі әкімшілік-басқару жағынан біріктіріліп, «С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені» болып қайта құрылды. Музей кешені 2015 жылдан «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамына енген.
Музейдің жалпы көлемі: 350 кв м. Мұқанов музейі-160 кв м, Мүсірепов музейі -114 кв м.
Музей екі бөлімнен: әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Әдеби бөлімде жазушылардың өмір жолын, қоғамдық қызметін баяндайтын, шығармашылық шеберханасынан сыр шертетін көптеген құнды құжаттар, фото-суреттер, қолжазбалар, шығармалары т.б. экспозицияға қойылған. Сонымен қатар әдеби бөлімде кино зал ұйымдастырылған. С.Мұқанов кинозалынан жазушы шығармаларының негізінде түсірілген «Ботагөз», «Оның уақыты келеді» («Шоқан Уәлиханов») көркем фильмдерін көруге болса, Ғ.Мүсірепов музейіннен проекциялы экраннан жазушының сценарийі бойынша түсірілген «Амангелді», «Қыз Жібек», шығармалары желісімен түсірілген «Кездеспей кеткен бір бейне», «Қауын» көркем фильмдері, «Классиктің кешіккен махаббаты» деректі фильмі көрсетіледі.
Ал мемориалдық бөлім келушілерді ерекше қызықтырады. Мұнда жазушылардың жұмыс кабинеті, қонақ қабылдайтын бөлмесі бар. Бұл бөлмелер өзгеріссіз, жазушылардың көзі тірісіндегі қалыпты сақтаған. Әрбір зат, дүние-мүлік, ыдыс-аяқ т.б. заттардың әрқайсысының өзіндік тарихы, шертер сыры бар.
2025 жыл Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені үшін мазмұнды ізденістер мен нәтижелі жұмыстарға толы кезең болды. Музей өз қызметін жаңа деңгейге көтеріп, мәдени-ағартушылық бағыттағы бастамаларын кеңейте түсті. Кешеннің негізгі мақсаты – қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің бай рухани мұрасын насихаттау, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу.
Бүгінде музей кешенінің жалпы қор саны 13 930 бірлікті құрайды. Қор құрамына кітаптар, қолжазбалар, фотосуреттер, хаттар, жазушылардың жеке тұтынған заттары мен сыйлық бұйымдар енеді. Бұл жәдігерлер қазақ әдебиетінің тарихын тереңінен танытатын баға жетпес құндылықтар болып табылады.
Экспозициялық жұмыстар музейде жүйелі түрде жаңартылып отырады. Ғабит Мүсіреповтің 100 және 120 жылдық мерейтойлары қарсаңында музей ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, экспозициясы толықтай жаңартылды. Ал Сәбит Мұқанов музей-үйі 100 жылдығы аясында және 2023 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Негізгі экспозиция тұрақты болғанымен, уақытша көрмелер ұйымдастырылған кезде қордағы таңдаулы жәдігерлер іріктеліп, көпшілік назарына ұсынылады.
2025 жылы музей кешенінде барлығы 17 көрме ұйымдастырылды. Оның 10-ы стационарлық, 7-еуі жылжымалы көрме болды. Жылжымалы көрмелер музей қызметін кең аудиторияға танытудың тиімді тетігіне айналып, әдеби мұраны қала тұрғындары мен қонақтарына жақындата түсті.
Жыл бойы музейде 79 түрлі мәдени-ағартушылық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында әдеби кештер, кездесу-сұхбаттар, дәрістер, танымдық сабақтар мен театрландырылған қойылымдар бар. Ерекше атап өтерлігі – Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрымен орнаған шығармашылық байланыс. Театр сахнасында қойылған «Раечка» спектаклі барысында ұйымдастырылған жылжымалы көрме көрермендердің зор қызығушылығын тудырып, музей мен театр арасындағы мәдени серіктестікті жаңа деңгейге көтерді. Спектакль жазушының жары, актриса Раиса Мұхамедияроваға арналған хаттар желісімен өрбіді.
2025 жылы қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толуына орай музей кешенінде бірқатар тағылымдық іс-шаралар өткізілді. Бұл шаралардың басты мақсаты – жазушының өмірі мен шығармашылығын терең танытып, оның қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесін жастар арасында кеңінен насихаттау болды. Осы орайда Сәбит Мұқанов музей-үйінде дөңгелек үстелдер, лекциялар, танымдық сабақтар мен көрмелер ұйымдастырылды.
Музей кешені Жазушылар одағы және Ұлттық кітапханамен бірлесіп «Жолы кең жазушы» атты дөңгелек үстел өткізсе, ҚР Ұлттық орталық музейімен бірлесе жылжымалы көрме ұсынды. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен шығармашылық байланыс орнатылып, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романы желісімен қойылатын спектакльдің режиссері Әубәкір Рахимов Сыдықұлы және басты рөлдерді сомдайтын актерлермен сұхбаттар ұйымдастырылды. Бұл кездесулер көрермендерге шығарманың идеялық мазмұнын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Келушілер көрсеткіші де айтарлықтай өсті. 2025 жылы музей кешеніне 16 870 адам келді. Оның ішінде 6 486 адам – ақылы, 10 384 адам – тегін келушілер. 2024 жылдың 24 қаңтарынан бастап Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен мектеп оқушылары үшін музейге кіру тегін. Бұл бастама жас ұрпақтың мәдениет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Музей кешенін кеңінен таныту мақсатында танымал тұлғалар тартылып, әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар музей қорын цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Экспонаттар фотоға түсіріліп, мәліметтер базасына енгізілуде. Бұл қорды тиімді басқаруға, көрмелерді жоспарлауға және түпнұсқа жәдігерлердің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сканерлеу арқылы электрондық коллекция қалыптастыру болашақта онлайн турлар ұйымдастыруға жол ашпақ.
Қорытындылай келе, 2025 жыл Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов музей кешені үшін табысты әрі мазмұнды жыл болды. Көрмелер санының артуы, келушілер легінің көбеюі, жастармен жүргізілген жүйелі жұмыс және цифрландыру бағытындағы бастамалар музейдің қоғамдағы рухани-мәдени рөлін айқындай түсті. Алдағы уақытта да музей қазақ әдебиеті мен мәдени мұрасын дәріптейтін маңызды рухани орталық ретінде өз қызметін жалғастыра бермек.
А.КОШЕРБАЕВА,
Алматы қаласы музейлер бірлесітігіне қарасты
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі



