Құрмет пен достыққа толы мерекелік кеш

Алматы қаласында Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы ұйымдастырған Шамдар мерекесіне және Қытай Жаңа жылына арналған салтанатты қабылдау өтті. Мерекелік кешке дипломатиялық корпус өкілдері, қытайлық компаниялардың басшылары мен қызметкерлері, журналистер, қытайтанушылар, қоғам қайраткерлері, студенттер және Қытайдың көптеген достары қатысты.

Іс-шара барысында ҚХР Бас консулының міндетін атқарушы Люй И мырза құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге арналған маңызды бастамаларға тоқталды. Ол 2025 жылдың Қытай үшін табысты болғанын, елдің тұрақты экономикалық өсімін және жаһандық дамуға қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, Қытайдың көпжақты ынтымақтастықты қолдай отырып, әлемдік қауымдастықпен өзара тиімді серіктестікті нығайтып келе жатқанын жеткізді.

Өз сөзінде Люй И мырза қытай-қазақстан қатынастарының серпінді дамуына ерекше мән берілді. Жоғары деңгейдегі өзара сапарлар, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетика, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықтың кеңеюі, сондай-ақ «жасыл» ауыл шаруашылығы, трансшекаралық электронды коммерция және жоғары технологиялар бағытындағы жаңа жобалар екі ел байланысының мазмұнын байыта түскені атап өтілді. Білім беру және мәдени-гуманитарлық алмасулар да қарқынды дамып келеді.

Кештің мәдени бағдарламасы ерекше әсер қалдырды. Сахна төрінде Солтүстік Ұлттар университетінің өнерпаздары жарқын концерттік нөмірлерін ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Асаль» ұйғыр халық би ансамблінің орындауындағы көркем би кештің шырайын кіргізіп, ұлттық мәдениеттің байлығын паш етті.

Мерекелік атмосфера дәстүр мен заманауи мәдениетті үйлестірген мазмұнды бағдарламамен, жарқын безендірулермен және қонақтарға көрсетілген ерекше ілтипатпен айшықталды.

2026 жыл Қытайда 15-бесжылдық даму бағдарламасының басталуымен тұспа-тұс келеді және Қытай мен Қазақстанның Мәдени алмасу жылы болып жарияланды. Қытай күнтізбесі бойынша биылғы Жылқы жылы — еркіндік пен алға ұмтылыстың, күш пен табандылықтың символы. Бұл қасиеттер екі халыққа да ортақ.

Кеш соңында Қытай мен Қазақстанның бейбітшілігі мен өркендеуі, халықтарының амандығы мен бақыты, сондай-ақ қос ел достығының нығая беруі жолында ақ тілектер айтылып, қонақтарға сыйлықтар табысталды.

Бұл мерекелік қабылдау тек мәдени іс-шара ғана емес, өзара сенім мен құрметке негізделген серіктестіктің жарқын көрінісі болды.

Ғазиза Ұзақ