Red Bull BC One Cypher Kazakhstan 2026: Алматыда брейкинг бойынша ең беделді турнир өтті

B-boy Kair мен B-girl Aizara ел намысын Торонто қаласындағы әлемдік финалда қорғайды

Алматы қаласында, Алма-Арасан шатқалында Red Bull BC One Cypher 2026 ұлттық іріктеу кезеңі өтті. Биылғы дода еліміздің барлық өңірлерінен келген үздік B-Boy және B-Girl бишілерін жинап, отандық брейкинг сахнасының ауқымы мен қарқынды дамуын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Іс-шараның ерекше атмосферасын таңдаулы локация айқындады — баттлдар заманауи көше мәдениеті мен ұлттық нақышты үйлестірген алып киіз үйдің ішінде өтті.

B-Boys санатында финалда B-Boy Alexandr мен B-Boy Kair кездесті. Тартысты баттл қорытындысы бойынша жеңіс бұған дейін ұлттық іріктеулерге бірнеше рет қатысқан Kair-ге бұйырды.

«Мен жеңіске жетпейінше ешқандай пікір де, сұхбат та бермеймін. Жеңіс болмаса — мен ешкім емеспін,» атап өтті Kair.

B-Girls санатында финалда ұлттық сахнаның ең тәжірибелі өкілдерінің бірі Ria мен Red Bull BC One турниріне алғаш рет қатысқан жас Aizara бақ сынады. Жеңісті 16 жастағы Aizara иеленді.

Осындай деңгейдегі додадағы дебютіне қарамастан, ол жинақылығын, заманауи стилін және ұқыпты, нақты орындауын көрсете білді. Aizara кештің басты жаңалықтарының біріне айналды.
«Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және, бәлкім, қазіргі өмірімдегі ең маңызды оқиға,» – Aizara деді.

Жеңімпаздар Қазақстан атынан Red Bull BC One World Final 2026 әлемдік финалына қатысады. Аталған жарыс 2026 жылғы 29 қарашада Торонто қаласында (Канада) өтеді.

Біріншілік тарихи Mattamy Athletic Centre спорт кешенінде ұйымдастырылады және әлемнің үздік брейкерлерін жинайды.

Халықаралық төрешілер алқасы

Баттлдарды әлемдік сахнаның танымал өкілдері бағалады:

  • B-Girl Ayu (Ayu Yuasa) 

Жапондық b-girl, Goodfoot Crew және Brandsteps командаларының мүшесі, әлемдік брейкинг сахнасының аңыз тұлғаларының бірі. 

Ол қазақстандық жас бишілердің әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, жаңа буынның халықаралық аренада үлкен амбиция танытып отырғанын айтты.

  • B-Boy Killa Kolya (Николай Черников) 

Астана қаласының өкілі, Simple System (KZ) және Dynamic Rockers (USA) командаларының мүшесі, елдегі брейкинг қозғалысының көшбасшыларының бірі.

  • B-Boy Fix (Акан Асанов)

1998 жылдан бері брейкингпен айналысып келе жатқан ардагер, Қазақстанның брейкинг ұлттық құрамасының бас бапкері және аты аңызға айналған Simple System командасының мүшесі.

Турнир жоғары бәсекелестік жағдайда өтті. Бірқатар баттлдарда екі раундтан кейін жеңімпаз анықталмай, қосымша үшінші раунд тағайындалды.

Кей жағдайларда, әсіресе B-Boy Kair қатысқан баттлдарда, төрешілер пікірі екіге бөлініп, қорытынды шешім қабылданар алдында қосымша талқылау жүргізілді.

Суреттер: Виктор Магдеев